Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Күрес / МАКСИМ РАКОВ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНДЕ КҮШ СЫНАСҚЫСЫ КЕЛЕДІ

МАКСИМ РАКОВ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНДЕ КҮШ СЫНАСҚЫСЫ КЕЛЕДІ

 

Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарында еліміздің белді дзюдошысы Максим Раковтан жүлде күткеніміз рас еді. Алайда, біздің тарлан жарыстың 1/8 финалында болашақ чемпион, поляк Лукаш Крпалектен ескерту бойынша ұтылып қалды. Болар іс болды, бояуы сіңді. Дегенмен, дәл қазір спортсүйер қауымды «Раков қайда, не істеп жүр, нендей ойы бар?» деген сұрақтардың мазалайтыны анық.
Сондықтан біз Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әлем чемпио­нына арнайы жолығып, осы және басқа да сұрақтарға жауап алған едік.

– Максим, газет оқырман­дары қазір сіздің немен айналысып жүргеніңізді білгісі келеді.

– Қазір үйдемін. Демалып, ем алып жатырмын.

– Бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында Максим Раков Рио-2016 Олимпиадасынан кейінгі сәтсіздіктен соң үлкен спортпен қоштасады екен деген ақпар тарады. Бұған не айтасыз?

– Әзірге ондай ой жоқ. Жаңа жылға дейін емделіп, күш-қуат­ты қалпына келтіріп алған соң, жаттығуды бастасам деген ойым бар. Қалай болған күнде де, алдағы қаңтарда кесімді сөзімді айтамын. Жаттықтырушыларым да менің шешімімді күтіп жүр.

– «Қазақстан барысы» тур­ни­ріне қатысу ойыңызда бар ма? Бұрын қазақ күресінде күш сынасып көріп пе едіңіз?

– Өз басым «Қазақстан барысы» жобасын ұлттық спортты дамытуға елеулі үлес қосатын тамаша жоба дегенге толық қо­сыламын. Негізі, алдағы уа­қытта осы турнирде бақ сынап көру ойымда бар. Жалпы, дзюдо мен қазақ күресінің табиғаты бір-бірлеріне жақын, ұқсас деп айтқызатын тұстары көп. Ал енді бұрын қазақ күресінде күшімді сынап көрген жоқ едім.

– Сіздің ініңіз – жастар ара­сындағы ел чемпионы Ми­хаил­­дың болашағы туралы не айтасыз? Қарағандылық жас дзю­дошылардың аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?

– Михаил жарақат алып қалған. Қазір емделіп жатыр. Қарағандыда болашақта ел намысын лайықты қорғай алатын дарынды дзюдошылар бар­шылық. Мысалға Рио-2016 Олим­­пиадасында күрескен Жан­сай Смағұлов пен талантты балуан Қайрат Ағыбаевты айтуға бола­ды. Бұлардың ізін ала талай талантты жастардың өсіп келе жатқаны тағы бар.

Негізі, Тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихындағы Азия чем­пионатының тұңғыш чемпионы Иван Карезелиди – біз­дің облыстың балуаны. Қазақ­станның алғашқы әлем чемпионы да кен­шілер астанасынан шықты. Енді тұңғыш Олимпиада чемпионы да қарағандылық балуан болса екен деген тілек бар.

– Құрама командадағы жер­лесіңіз, талантты балуан Ис­лам Бозбаев қазір қайда? Хабарыңыз бар ма?

– Естуімше, Теміртауда жат­­тығып жүрген көрінеді. Егер қате­ліктерден қорытынды шығара білсе, алысқа баратын жігіт…

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан»

Сондай-ақ

ЖАС БОКСШЫЛАРЫМЫЗ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ДАЙЫН

  Қараша айының 17-26 аралығында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін …