Басты бет / Бокс / ҚАНАТ ҰШСА ҚАТАЯДЫ

ҚАНАТ ҰШСА ҚАТАЯДЫ

Таяуда Астанада ҚР Президент кубогы жүлдесіне арналған халықаралық турнир өткен-ді. Бұл сында облыс боксшылары тәуір жетістікке қол жеткізді: қоржында – 3 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде. Жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегерлері Сұлтан Зауырбек (60 келі) пен Бек Нұрмағамбет (81 келі), биыл Азия чемпионатынан жүлдемен оралған Бекдәулет Ибрагимов (64 келі) жеңімпаз атанды. Тағы бір жас боксшы Шалқар Айқынбай (49 келі) қола жүлдеге ие болған еді. Ағаларының орнын басар талапты жігіттердің қадамы қуантарлық.

 

ЕНДІГІ КЕЗЕК – ЖАСТАРДА

Жастар жарап тұр. Әсілінде Оңтүстіктің бокстан өз жеңісті дәстүрі бар. Ардагерлердің орнын басатын ізбасарларды көру бір ғанибет. Әлем чемпионы Біржан Жақыпов өз орнын жастарға босатып берген еді. Ендігі кезек – соларда.
Осы күні түркістандық Бек Нұрмағамбет батыр ағасының нағыз ізбасары саналып жүр. Өзі Түркістанның тумасы. 1998 жылы 3 ақпанда дүниеге келген. Қоладан құйғандай батыр тұлғалы жігіт аз уақыттың ішінде-ақ дарынымен дараланды.
Бүгінде шаршы алаңды жағалап жүрген балғындардың бәрі де Бекзатты үлгі тұтады. Бәрінің де арман-үміті болса, ол – марқұм ағасы сияқты Олимпиада чемпионы болу. Ал қазақтың батыр ұлымен жерлес Бек Нұрмағамбетке артылар сенімнің жүгі ауыр.

Осыдан 3 жыл бұрын газетімізде «Батырдың ерлігі өшпесін десек…» деген шағын дүние жазғанбыз. Жиырма жасында Олимп шыңын бағындырған Бекзаттай саңлақ ұлдың ерлігін әспеттей білуге үндеген едік. Уақыт жүйрік. Жаратқанның қалауымен арада екі жыл өткенде сол топырақтан тағы бір дарын жарқ етіп шықты.
Қайбір жылы Түркістанда Б. Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирді тамашалаудың сәті түскен. Сейілхан ағаның жанында отырып, жарысты бақыладық. Ағаның мұңлы жанарынан көп жайтты аңғарғандаймыз. Әр жарыс өткен сайын түркістандық дарындар топты жарып шықса деген үміт. Әрі арман. Сол екі күндік сапарымызда ағамыз өзі Бекзаттың мұражайына ертіп апарды.
Мінекейіңіз, 2015 жылы Бек Нұрмағамбет осы турнирде жарқ етіп көзге түсті. «Түркістаннан тағы бір таланты шықты» деп елден сүйінші сұрай жазғанымыз да оқырмандардың есінде болар. Содан бері жас боксшының әрбір қадамы көз алдымызда. Түркиядағы Ахмерт Комерт мемориалы, Бранденбург (Германия) кубогында жеңіске жетті. Ағайынды Әйтеновтерді еске алуға арналған турнирде де қарсылас шақ келтірген жоқ. Ақыр аяғы былтыр жастар арасындағы соңғы жарысы – Санкт Петербургтегі әлем чемпионатында да мықтылығын дәлелдеп берген еді.

 

ЖЕҢІСТІ ДӘСТҮР ҮЗІЛМЕК ЕМЕС


Жеңісті дәстүр жалғасын тауып келеді дегеніміз бекер емес. 2014 жылы өткен жастар арасындағы әлемдік сында да облыс боксшылары 1 алтын, 1 күміс жүлдемен қуантқан. Жеңімпаз болып оралған Шалқар Айқынбай мен Сұлтан Зауырбекті күтіп алып, жақыннан танысуға асыққанбыз. Олардың да пікірін білгенбіз. Сәтін салып, қос боксшы да бүгінде ұлттық құрамаға қабылданды. Халықаралық турнирлерде несібесіз емес.
Араға екі жыл салып, жеңісті жолды Бек ініміз жалғап отыр. Жыл басында 81 келіге ауысты. Жас та болса бірқатар турнирлерден жүлдемен қайтты. Мәселен, Бакудегі Ұлы жібек жолы, Польшадағы Феликс Штамм мемориалында тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.
Міне, осыдан бір ай бұрын Астана төріндегі беделді халықаралық турнирде де оза шапты. Президент кубогы бәсекесінің бірінші кездесуінде үндістандық Деваншу Жайсалды, жартылай финалда Рио олимпиадасына қатысушы, қырғызстандық Еркін Әділбекұлынан айласын асырды. Финалда кореялық Янг Хе Жингды талассыз жеңгеніне жанкүйерлер куә.
Сондай-ақ, жыл басынан бері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың жеке шәкірті екенін де айта кеткен жөн. Алғашқы бапкері Ахмет Керімжановтың өзі Мырзағали Құланұлына аманат етіп табыстаған. Оған қоса ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің оқушысы.

 

 

«АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН – АУЫЛДАСТАРЫМНЫҢ СЕНІМІ»

Жуырда жас боксшыны Шымкентте жолықтырып қалдық. Халықаралық турнирлер, оқу-жаттығу жиындарынан босамай, бұған дейін жақыннан танысудың сәті түспей жүрген еді.
Аз-кем әңгімелестік. Дене бітімі нағыз боксшыға тән. 19 жасар екенін ескерсек, дене тұрқы әлі де өсе түсетіндей. Бапкерлер де ширақтығына, үйреткен нəрсені тез қағып алатынын айтады.
– Әкем Қазбек Махатов темір жол саласында еңбек етіп, қазір зейнет демалысына шықты. Анам Рана Махатова саудамен айналысады. Жібек деген əпкем, Жəнібек деген ағам, Керей деген інім бар. Атам Нұрмағанбет Махатов – соғыс ардагері. Негізінен, өмірде əкем мен атамды үлгі тұтамын. 10 жасымнан бастап шаршы алаңда жаттығып жүрмін ғой. Ауылға барсам, достарым, таныстарым әр жеңісімді Бекзат ағаммен салыстырып жатады. Алға жетелейтін – солардың сенімі, – дейді ақкөңіл бауырымыз. Өзі Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курсында оқиды. Мамандығы спорттан алыс емес.
 

«ӘЛІМХАНҰЛЫНДАЙ БОЛСАМ ДЕЙМІН»

Әр адамның спортқа келуі әр қилы ғой. Бектің әңгімесінен ұққанымыз, өзі жас кезінде сотқарлау бала болыпты. Көшеде қатарластарымен жаға ұстасып қала берсе керек. Содан әкесі 10 жасында жетектеп, бокс залына әкелген. Сыймай жүрген күшіңді шаршы алаңда көрсет деген ғой. Жұдырығы жуын жігіттің спорттық өмірі осылай басталған…
2013 жылы Бекзат Саттарханов туралы деректі фильм түсіріледі. Сонда Бекзаттың рөлін сомдау үшін залдағы 10 баланың ішінен таңдау жүргізіліпті. Сейілхан ағамыздың назары бірден Бекке түскен екен. Осылайша ойда-жоқта батыр ағасының рөлін сомдаған. Өзі солақай, Саттарханов оңқай болса да, Бекзаттың рөлін тамаша ойнап шыққан.
– Бұл жігіттің болашағы өте зор. Тәртіпті. Еңбекқор. Осы боксшыдан үміт күтіп жүрмін. Бекзат балам 1998 жылы жастар арасында әлем біріншілігінде күміс алды ғой. Бұл жігіт те 1998 жылы дүниеге келген. Сәйкестікті қарасаңызшы, – дейді Сейілхан ағаның өзі.
Бойда күш-қуаты тасыған Бектің де бар арманы – ағасының жеңісін жалғастыру. «Әлемде мықтылығын мойындатқан ағаларымыз көп. Негізінен, өзім қазақ боксшыларын үлгі тұтамын. Әсіресе, Жәнібек Әлімханұлындай болғым келеді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой Одан кейін кубалық боксшылар – Марио Кинделан мен Эрисланди Лараның өнерін ғаламтордан жиі тамашалаймын». Бек осылай сыр шертті.
Жас боксшы да бүгінде ұлттық құрама жігіттерімен бірге Түркияда демалысын өткеріп жатыр. Мырзағали Құланұлы баптайтын боксшылар 2 шілде күні елге қайтпақ. Алда – әлем чемпионаты. Әрі қарай жаттығу жиындары өз елімізде жалғасады. Біз жас дарынның алдағы жарыстарына сәттілік тілейміз.

. shymkala.kz

Сондай-ақ

ҚҰЛЫБАЕВ ТУРНИРІ — ШЕТ ЕЛ БОКСШЫЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Атырау қаласында дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы Бокс Федерациясының құрметті президенті Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың жүлдесіне арналған …