Қазақстанға таэквондо спортын Мұстафа Өзтүрік алып келген еді. Сол күннен бері Мұстафа мектебі қалыптасып, талай талантты спортшылар шығып жатыр. Биылғы Олимпиадада Қазақстанның көк байрағын Руслан Жапаров атты таэквондошымыз ұстамақ. Русланнан бөлек Жансель мен Айнұр есімді арулар ел намысын қорғамақ. Бүгін Түркияда туған қазақ қызы Жансель туралы әңгімелейік.
Жансель Дениз 1991 жылы Түркиядағы казақ отбасында дүниеге келген. Осы күнге дейін Түркия елінің атынан додаларға қатысып келген.
Ол ең алғашқы жүлдесін 2011 жылғы өткен Austrian Open турнирінде алды. Жансель осы турнирде тек финалда сүрінді. Финалда Словениялық Нуша Райхерге ұтылып, күмісті қанағат тұтқан болатын. 2011 жылы өткен Жазғы Универсиадаға барып, жүлдесіз қайтты. Ширек финалда испандық Элена Гомес Жанселден айласын асырып кетті.
Еуропа Чемпионатына қатысып, тағы да жүлдесіз қалды. Одан кейін аса бір жетістікке жеткен жоқ. Халықаралық жарыстардың жүлдегері атанып жүрді.
2013 жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен Ашық турнирде жеңімпаз атанды. Бұл Жанселдің алғашқы алтыны еді. Финалда 2013 жылғы Әлем чемпионатында қола алған, швед қызы Касандра Иконенді ұтып, алтыннан алқа тақты.
Бір қызығы ол финалда көп ұтылған. Украина, Қазақстан, Молдова, Австрия, Йемен елдерінде өткен ашық турнирлерде көбінесе күміс жүлде иеленген.
Жансел Қазақстан азаматтығын 2014 жылдың соңғы айларында алды. Қазақстан атынан ірі 7 турнирге қатысты. Соңғы рет Филиппин елінің Манила қаласында өткен Азия құрлығы бойынша іріктеу турнирінде алтын алып, РИО-ға жолдама алды.
«Алғашқы қатысқалы отырған Олимпиадамда қазақ елінің туын желбіретіп шыққалы тұрмын. Өзге елде туылсам да, өз елім атынан Олимпиадаға бару мен үшін ең үлкен қуаныш. Ендігі мақсат — ұлт намысын ұятқа қалдырмау. Қазір осы мақсатқа жету үшін барынша тер төгіп жаттығып жатырмын. Арманым Риода жеңіс тұғырынан көрініп, ел үмітін ақтау», — деді Жансель.
Өз кезегімізде біз Жансельге сәттілік тілеп, мақсаты орындалсын дегіміз келеді.
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт