Басты бет / Без рубрики / ДАНИЯР ЕЛЕУСІНОВ: АТЫРАУҒА АЛҒАШ РЕТ КЕЛІП ТҰРМЫН

ДАНИЯР ЕЛЕУСІНОВ: АТЫРАУҒА АЛҒАШ РЕТ КЕЛІП ТҰРМЫН

Атырау қаласында дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы Бокс Федерациясының құрметті президенті Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың жүлдесіне арналған ерлер арасында Бокстан Халықаралық турнир басталды. Құрметті қонақ ретінде Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов те келген болатын.

— Данияр, ең алдымен бүгінгі қазақ боксының жағдайы туралы сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Жастардың аяқ алысы, жалпы еліміздегі бокстың даму қарқыны қандай?

— Қазіргі таңда жастардың боксқа деген қызығушылығы артып келе жатыр. Спорттың дамуына үлесін қосып жүрген азаматтарымыз да жетерлік. Мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалынуда. Тек қана ұлттық құрама боксшылары емес, облыс боксшылары, жастар да барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Біз боксты бастағанда бұндай жағдай болмаған. Қазір барлығы бар. Сондықтан жастар да бұл спортқа көптеп келетіні сөзсіз. Үлгі тұтар ағалар әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да жетерлік. Бокс дамымаса, еш құлдырамайды.

— Олимпида шыңын бағындыру үшін жас спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз?

— Бастысы мақсат қоя білу керек. Оңды-солды көрінген дүниеге алаңдамай, өз ісіне ұқыпты болуы керек.

— Сіздің үлкен жетістікке қол жеткізуіңіздің құпиясы бар ма?

— Ешқандай құпия жоқ. Ұлттық құрамада барлығымыз бірдей жаттығамыз. Бірақ жатттығудың істейтіні де, істемейтіні де бар. Мүмкін дұрыс әрі қалыпты жаттығу жұмыстарын жасап, ерінбей тер көккеннің арқасы шығар. «Бір күні маған бұйырар» деген сөзді қолданбау керек. Еңбек пен алға қойған мақсат жеңіске жетелейді.

— Өзіңіз Атырауда өткен турнирлерге қатысып көрдіңіз бе?

— Шынымды айтсам Атырау қаласына бірінші рет келіп отырмын.

— Атыраулық боксшылардың бүгінгі деңгейіне қандай баға бересіз?

-Атыраулық боксшыларға жақсы баға беремін. Болат Теміров бастаған ағаларымыз бар. Жаттықтырушы Айдос Дәулетов, одан қала берді Ержан Ордабаевты айта аламын. Атырауда да жақсы-жақсы боксшылар жетерлік.

— Кәсіпқой бокс туралы жоспарларыңыз не болып жатыр?

— Ия, басында ондай жоспарлар болған. Қазір ол жоспар уақытша тоқтатылды. Қайтадан ұлттық құрамаға оралып жатырмын. Әрі қарай әуесқой бокста тер төгуді жалғастырамын. Себебі кәсіпқой бокстағы бастамам дұрыс болмады. Бұл менің қателігімнен емес.

— «Украиналық промоутерлер алдап кетті» деген сөздер әлеуметтік желілерде қаптап кетті. Сол қаншалықты рас?

— Мен ешқашан Украиналық промоутерлермен жұмыс жасаған емеспін. Мені ешкім алдаған жоқ. Олар алғашында менімен келісім шартқа қол қойды. Үш ай бойы ақысын төлеп, барлығын дұрыс жасап отырды. Бірақ негізгі жобаларын бастай алмады. Кездесу ұйымдастырып, жоспар құра алмаған соң іс те болмайды деген сөз. «Алдап кетті» дейтіндей олар менің еш нәрсемді алып қойған жоқ. Шыны керек, уақытымды алғаны рас. Олар үлкен істі бастап кеткісі келді, бірақ қолдарынан келмеді.

— Әуесқой боксты жалғастырсаңыз бұрынғы салмақта қала бересіз бе? Осы салмақтағы жастар туралы қандай пікірдесіз?

— Әрі қарай бұрынғы 69 келде жұдырықтаса беретін боламын. Ия, бұл салмақта қазір кіл мықтылар жиналған. Абылайхан, Садриддин, одан қала берді «Арландар сапында» Асланбек те бар. Бұл салмақта әрдайым мықты боксшылар шығатыны да осыдан деп ойлайымын. Өзара бәсекелесітік өте мықты.

— Жақында Иван Дычко Америкалық промоутермен жұмысын бастады. Сол жерден сізге ұсыныс түсті ме?

— Ия, ұсыныс түсті. Промоутер басқа болғанымен екеуміздің менеджеріміз бір. Мен олар жасаған ұсынысқа келіспедім. Әрі қарай ұлттық құрамада қаламын деп шештім. Иван болса өзінің құлшынысымен кәсіпқой боксты таңдады. Әрі қарай сол жолмен кетеді деп ойлаймын.

Атырау облысы әуесқой федерациясының баспасөз қызметі

Сондай-ақ

ЖАС ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ ЕКАТЕРИНБУРГТЕ ДЕБЮТТІК КЕЗДЕСУЛЕРІН ӨТКІЗЕДІ

Ресейдің Екатеринбург қаласында 7 шілдеде Драма театр алаңында «Big Drama Show 2» бокс кеші өтеді. …