Шахматтың шаршы тақтасында патшалық құру – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. «Шахмат – адамды жылдам ойлауға, тез шешім қабылдауға баулиды» деген Елбасының сөзі талай таланттың талабын ұштады. Соның бірі емес, бірегейі – небәрі 16 жасында «Ең жас гроссмейстер» атанған Қазақстанның сегіз дүркін абсолютті чемпионы, «ТОП-30»-дағы халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасовамен әңгімелескен едік.
– Қазақты шахмат додаларында дүниежүзіне танытып жүргендердің бірісіз. 2012 жылы 8 наурыз мерекесі қарсаңында Елбасымен жүздестіңіз. Өзіңіздей жастарға сенім артамыз. Сол бір тарихи кездесуден не түйдіңіз?
– Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы мерекеге орай Қазақстанның спорт, саясат, өнердегі беткеұстар қыз-келіншектерін Ақордаға жинап, емен-жарқын әңгімелескен еді. Елбасымен жүздескенде ерекше көшбасшылық қабілеті мен таңғажайып тылсым күшін байқадым. Президентпен кездесу мені ерекше шабыттандырды. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде спорт қарқынды дамып келеді. 2012 жылы Елбасыға әлем чемпионы боламын деп уәде еткен едім. Былтыр 1 желтоқсанда өткен Жастар форумында уәдемді орындағанымды айттым.
– Үнді аңыздарына сүйенсек, шахмат ақсүйектердің ойыны саналады. Дубай шейхі кубогының иегері атандыңыз. Шетелде өтетін жарыстардың артықшылығы неде?
– Шахмат элитадан гөрі ойлылардың ойыны. Шетелде жарысқа қатысудың жауапкершілігі көп. Себебі, ел намысын қолдан бермеуге міндеттімін. Тартысты бәсекеден алтын медаль иеленген кездегі қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Былтыр Үндістанда өткен жарыста 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем чемпионы атанып, алтын медаль иелендім. Шахматтың отанында Қазақстанның әнұраны шырқалды! Мұндай ұмытылмас сәттер маған өте қымбат.
– Дүниежүзі шахматшылары арасында ең мықты «ТОП-30»-ға ену қиын болған жоқ па? Сіз үшін рейтинг қаншалықты маңызды?
– Қазақстанның нөмірі бірінші шахматшысы болу – үлкен абырой. Қыздар арасында әлемдегі мықты «ТОП-30»-дан шығып қалғым келмейді. Шахмат та басқа спорт түрлері сияқты кәсіби жоғарылаған сайын қиындай түседі. Турнир – айсбергтің мұхиттағы кішкентай бөлігі. Оның астында қандай құпия жұмбақ жасырулы екені беймәлім. Ең маңыздысы – дайындық, ойынды сараптау, ой сүзгісінен өткізу. Жаттығу – турнир алдындағы, психологиялық, іштей логикалық дайындық. Ойыншының мықтылығын рейтинг көрсетеді. Мықтылықты, шеберлікті ойын дәлелдейді. Қарсылас шыңдайды. Талантты, шахматшы шексіз мүмкіндікке ие. Рейтинг – ойыншының дәл қазіргі кездегі қабілет-қарымын көрсетеді. Рейтинг маған динамиканы, ойынның деңгейін, қаншалықты алға жылжығанымды қадағалап отыру үшін керек.
– Сізге сондықтан шетелде жаттыққан тиімді ме?
– Тәжірибелі жаттықтырушыдан сабақ алу, шетелде жаттығу – қажеттілік. Олардың талабы өте жоғары. Басқа да шәкірттері, жұмысы бола тұра талапшыл. Әрине, Астанада, өз еліңде жаттығу ыңғайлы. Күрделі, қиын жаттығусыз жеңістің ауылы алыс екені ақиқат.
– Бес жасыңыздан бастап шахмат ойнаған екенсіз. Шахматтың құлпы қайтсе ашылады?
– Балалық шағымның басқа балалардан айтарлықтай айырмашылығы болған жоқ. Аулада ойнайтынбыз. Маған бәрінен де кітап оқыған, конструктор құрастырған ұнайтын. Анам ағам мен әпкемді, мені кішкентайымыздан түрлі үйірмелерге қатыстырды. Жан-жақты, өнерлі, білімді тұлға болып қалыптасқанымызды қалады. Шахмат үйірмесіне, музыкалық мектепке, көркем гимнастикаға бардық. Ағам каратэ мен баскетболмен айналысты.
Алғашқыда шахматтың сырына үңілмей, хобби ретінде айналыстым. Талантымды таныған – алғашқы жаттықтырушым Ольга Черепанова. Ол анама қабілетімді ұштау керектігін айтқан еді. 2007 жылы әлемнің вице-чемпионы болғаннан кейін кәсіби шахматшы болуға шешім қабылдадым. ХХІ ғасырдағы ең бірінші әлем чемпионы атандым. Шахмат өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.
– «Шахмат тақтасындағы әрбір тастың өмірдегі атқаратын құқығымен қатар, міндеттері бар» деп айтады. Шахматты жаңадан үйренушілерге чемпион ретінде қандай бағыт-бағдар берер едіңіз?
– Әлемнің он бір дүркін чемпионы Роберт Фишер айтқандай «Шахматты жақсы көру қажет және ойнау керек». Егер үздік нәтижеге жету мақсат болса, жұмыс істеу керек. Өзіңмен, өзіңнің ойыныңмен жұмыс істеу қажет. Шахматтың кітабын оқып, физикалық дайындық қажет. Ата-ананың қолдауы, демеуі өте маңызды.
Шахматтың фанатымын, бар құпиям – осы. Шахматтың бүге-шігесіне дейін сырына қаныққанды, жаттыққанды жаным сүйеді.
– Жеңу үшін қалай ізденесіз? Қандай кітаптар оқисыз?
– Шахматтың білімін терең меңгеру – кәсіби шахматшы үшін өте маңызды. Шахматқа қатысты кітаптарды белгілі бір деңгейлерін сатылап, тұрақты қадағалап оқып отыру керек. Оқып қана қою аздық етеді, ең керегі – талдап, түсіну. Ойыңды дамыту үшін, қателіктеріңді саралап, онымен жұмыс істей білу – маңызды. Өз ойыңды дамыту керек.
– Құпия болмаса, жеңіске жету үшін көбінесе, қандай әдісті қолданасыз?
– Ешқандай құпиясы жоқ. Әрбір ұстанымда өзіндік ерекшелік пен құпия айла-тәсіл бар. Бастысы – соны байқап, кәдеңе жарата білу. Қарсыласты зерттеп, оның ойынына талдау жасамасаң, әр қадамыңа тамсанып, жай бақылап отыру нәтижесіз.
– Динара, өмірде де шахмат тақтасындағыдай әр қадамыңызды санап басасыз ба? Шахматтың күнделікті тұрмыста қажеттілігі қаншалықты?
– Шахмат – өмірдің айнасы. Күнделікті тіршілікте он ойланып, жүз толғанбас бұрын әрбір қадамыма есеп беріп, шаруаларымды алдын ала жоспарлаймын. Болашақта істейтін тіршілігімді шахматтағыдай күні бұрын ойлаймын.
– Мықты қарсыластарыңыз кімдер? Қай елдің шахматшыларын жеңу қиын?
– Мүмкіндігінше байрақты бәсекелерге, мықты турнирлерге қатысуға ұмтыламын. Мықты қарсыластармен ойнау арқылы ол да, мен де өсеміз, оқимыз, тәжірибе жинаймыз.
Ресей, Қытай, Үндістан – әлемдік шахматтық державалар. Украина, Грузия, Арменияда солар сияқты шахмат дәстүрі өте мықты.
– Спортшыда бос уақыт тапшы. Қалай күтінесіз?
– Бос уақытымды бауырларымның жанында өткіземін. Үйде болатын кезім сирек. Жарысқа дайындық, турнирлермен жарты жылдай үйде болмайтын кездерім көп. Ағам екеуміз дәмді тағамдар даярлаймыз. Музыка тыңдап, кино көріп, шет тілін үйренемін.
Үнемі сымбатымды сақтауға тырысамын. Өйткені күн тәртібім өте тығыз. Алдын ала жоспарланып қояды. Жаттығу мен турнирлер – өмірімнің негізі, бөлінбес бөлігі.
– Астана мен Алматыда шахмат академиялары бар. Қазақстанда шахматты дамытуға не кедергі? Сізді арнайы іздеп келіп, шахмат үйренетіндер бар ма?
– Шахмат – қазір ең танымал ойындардың бірі. Күн сайын қарқынды дамып келеді. Маған Қазақстанда шахматтың дамуы, талантты ойыншылардың танымал болғаны ұнайды. Былтыр ата-аналардың өтінішімен Федерацияның қолдауымен шахмат академиясын аштым.
Алдағы уақытта «Шахматтың алғашқы қадамдары» атты кітабымды қайта басып шығармақпын. Жаңа оқу жылында жарық көретін кітап елімізде шахматтың дамуына, насихатталуына үлес қосады.
– Көптеген гроссмейстерлер шетелге кетіп, өзге елдің азаматтығын алып жатады. Сіздің де шетелге кету ойыңызда болды ма?
– Мұндай ұсыныстар болған. Бірақ федерация мен азаматтықты ауыстырмаймын. Қазақстанда туып-өстім. Отаным маған бақыт сыйлады. Өз елімнің патриотымын. Сырттан қолдау іздемеймін.
– Қазақстан шахматшыларды қаншалықты қадірлейді?
– Олимпиада да жетістігімді бағалап, медальмен марапаттағанына алғысым шексіз. Дәл қазіргі уақытта маған маңыздысы – уақытты уысымнан шығарып алмау. 2014 жылы Әлемдік шахмат Олимпиадасында біздің әйелдер құрамасы 6-орынды иеленді. Бұл – тамаша жеңіс! Лайықты өнер көрсете алғанның дәлелі. Келешекте мұнан да биік жетістіктерге жетеміз. Үздік ойын өрнегін көрсете аламыз.
– Қазақстанды шахмат державасына айналдырудың жолы қайсы?
– Қазіргі таңда түрлі шахмат академиялары ашылуда. «Үйренсем» деп келетін жастардың да қарасы қалың. Шахматқа мектептен бастап көңіл бөлінуде. Болашақта және ары қарай Қазақстанның намысын халықаралық шахмат аренасында қорғаймын. Біздің әрбір ойыншымыз мықты болса, біз де келешекте шахматтың патшасы боламыз.
– Астанада шахмат турниріңіз өтті. Осындай жарыстарда болашағы бар жас шахматшылардан кімдерді байқап жүрсіз?
– Иә, 2014 жылы Астанада студенттер арасында Еуразия ұлттық университетінде «Гроссмейстер Динара Сәдуақасова кубогы» атты турнир өтті. Турнирмен қатар дайындық құрамын қабылдадым. Шахматпен өте көп бала айналысады. Олардың арасынан міндетті түрде болашақ чемпиондар өсіп шығады.
– Жастайынан әлемді мойындатқан гроссмейстерлер: Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаевамен өмірде араласып, шахматта әдіс алмасып тұрасыз ба?
– Шахматтың шеберлері, талайды мойындатқан чемпиондар Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаевамен өткен жылы Павлодар облысы әкімнің кубогы үшін өткен жарыста шахмат тақтасында бірге ойнадық. Жеңімпаз атандым. Олар өте тәжірибелі, маған бұл ұнайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ
Ақпарат көзі: aikyn.kz