Басты бет / Басқа түрлер / ҚАЗАҚТЫҢ МЕРГЕНДІГІН ӘЛЕМ МОЙЫНДАУҒА ТИІС

ҚАЗАҚТЫҢ МЕРГЕНДІГІН ӘЛЕМ МОЙЫНДАУҒА ТИІС

Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық мергендер сайысына қатысушы, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері  атанған Елдос Бадашев еліміздің «Жамбы ату» ересектер құрама командасының капитаны.  Ат үстіндегі мергендік сайысында аз уақытта суырылып көзге түскен Елдос жуырда республикалық  жастар мен жасөспірімдер командасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Біз орайы келгенде Астанада жамбы атушы жастардың оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан жас бапкермен сұхбаттасқан едік. Жаңа қалыптаса бастаған ұлттық спорт түрінің жұртшылыққа беймәлім тұстары әңгімеленген сол сұхбатты назарларыңызға ұсындық.

 

            –  Елдос, ең алдымен бапкерлік қызметің құтты болсын! Естуімізше қазіргі кезде Елордада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр екенсің? Алғашқы бапкерлік кезең қалай өтуде?  

– Аздаған еңбегімізді, осы жамбы атуға деген құлшынысымызды бағалап мені мына бапкерлікке ұсынып, тағайындаған ағаларыма мың да бір рахмет. Сенім артылған соң ендігі жерде күш-қайратымызды осы саланың өркендеуіне арнаймыз ғой. Негізінде, дәл биылғыдай оқу-жаттығу жиыны жыл сайын өткізілсе, біздің жігіттеріміз аз уақытта құралайды көзге атқан мерген атанар еді. Осы кезде Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін көруге шетелдіктер көп келуде. Шетелдіктер де, қала тұрғындары да «Қазанат» атшабарындағы «Этно-ауылды» аралауға міндетті түрде келеді.  Оқу-жаттығу жиыны сол «Қазанатта» өтуде. Біз қазір күн сайын түске дейін екі-үш сағат тік тұрып садақ атуға жаттықсақ, түстен кейін ат үстінен жамбы атамыз. Бұл бір жағынан жаттығу, екінші жағынан «ЭКСПО» көрме қонақтары тамашалайтын бірнеше сағаттық ұлттық ойын  көрсетілімі. Аттарымыз баптаулы, ерттеулі дайын тұрады. Садақ-жебеміз толық, атшабардың жамбы ататын алаңы бос тұр. Тіпті, алаңдауға ешбір себеп жоқ. Жағдайымыздың бәрі жасаулы. Тек бізден талап етілетіні – жүйелі жаттығу ғана.

           – Жастар, жасөспірімдер  командасының қатары қалың ба?

– Жоқ, әзірге санаулы ғана. Өздеріңіз білесіздер, елімізде «Жамбы ату» спортын дамытудың өзі үш-төрт жыл бұрын ғана қолға алынды ғой. Нақты айтқанда, 2013 жылы ғана басталды. 2014 жылдың жазында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында тұңғыш рет «Жамбы ату» спортын дамытуға арналған семинар-кеңес өтті. Басы-қасында қауымдастықтың президенті Тілеухан Бекболат ағамыздың өзі жүрген сол жиынға әр өңірдің жаттықтырушыларымен бірге бірқатар ғалымдардың да қатысқаны есімізде. Семинар-кеңеске садақ атудан Моңғолияның бірнеше дүркін чемпионы Батгерел Мичир білікті маман ретінде шақырылып, сол жиыннан соң ол кісі Жамбыл облысы, Мерке ауданында жамбы атудан алғашқы оқу-жаттығу жиынын  өткізді. Кейіннен жамбы ату ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Күнтізбелік жоспарына енгізіліп, 2015 жылдан бастап республикалық чемпионат пен турнирлер ұйымдастырыла бастады. Осы уақытқа дейін жамбы атудан елішілік чемпионат үш рет қана өтті. Сондықтан біздің елде ұлттық садақ атушылардың қатары әлі қалыңдай қойған жоқ. Оның ішінде жастар мен жасөспірімдер тіпті аз.

Жасыратыны жоқ, көп өңірде садақшы жастарды тек дәл  жарыс қарсаңында ғана іздейді. Чемпионаттың өзіне кездейсоқ біреулер қатысып жүреді. Кейбіреуі сонда тіпті жап-жақсы нәтиже де көрсетеді. Талабынан үміттеніп қалып, кейін сұрастырсаң мүлде таптыртпайды. Көпшілігі садақ атуға бір рет қана қатысады. Бұл облыстардағы ұлттық спорт жетекшілерінің жауапсыздығы. Жамбы ату саласындағы басты проблеманың бірі де осы.

Сол себепті, біз осы бастан жастар мен жасөспірімдер командасын тұрақты спортшылармен толтыруға тиіспіз. Дәл қазіргі кезде оқу-жаттығу жиынында жүрген жастар командасының мүшелері –  Сарыбай Айтбек (ОҚО), Абзал Тулыбеков (Жамбыл облысы), Шәмен Темірлан (Алматы), жасөспірімдер командасының мүшелері – Руслан Билялов (Ақмола облысы), Айкөз Ералхан (ОҚО), Бабажан Байдәулет (Жамбыл облысы),  Дәулетхан Рақыман (Ақмола облысы), Дәурен Кеңесбаев (Ақтөбе облысы), Өтелбай Байдәулет (ОҚО) келешегінен үлкен үміт күттірген талапты жастар. Елішілік чемпионаттар мен турнирлерде жақсы нәтиже көрсеткен, осы жамбы атуға құмар бұл спортшылардың орны күзге дейін, әр жиырма күн сайын бірнеше рет ауысады. Барлық облыстан осы оқу-жаттығуға келуге тиіс садақшылардың аты-жөндері белгіленіп қойылған. Реті келгенде айтып өтейін, бұл оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырып отырған Спорт және денешынықтыру істері комитетінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы.

Олардың арасында өзіңнің төл шәкірттерің де бар шығар?

– Өзім алғаш ұлттық садақты қолға алғанымда жасым отыздан енді аса бастаған еді.  Жастайымыздан спортпен шұғылданып өскендіктің пайдасы шығар, жамбы атудағы нәтижеміз жаман болған жоқ. Алғашқы елішілік чемпионатта күміс жүлде алдық. Бірақ, әр жарыстан-ақ көріп жүрміз, жамбы атуға жас балалар өте икемді келеді. Міне, содан көкейімде «ертерек шәкірт тәрбиелеуді бастау керек» деген ой келді.   Сөйтіп, осының бейімі бар-ау деген балаларды жайлап садақ атуға тарта бастадым. Шәкірттерім аз да болса бар. Мысалы, Темірлан Сейітжан есімді шәкіртім былтыр Ақтөбеде жастар арасында өткен республикалық чемпионатта үшінші орын алды. Жасөспірімдер арасындағы құрама командасының мүшесі Бабажан Байдәулеттің  де көрсеткіші жаман емес. Абзал Тулыбеков  Таразда өткен чемпионаттың жеңімпазы, спорт шебері. Қол күресінен Азия чемпионы,  халықаралық дәрежедегі спорт шебері болған Жарқынай Рахимбаева есімді қыз бірталай уақыттан бері осы жамбы атуға қатты құмар болып жүр. Бұларды бәрі сол өзім тұратын Мерке ауданының жастары.

Жамбы атудың басты талабы – атқа жақсы отыру керек. Садаққа ыңғайы бар бала көп, бірақ, оны ат үстінен атуға бейімдеу өте қиын. Ұлттық садақта спорттық садақ сияқты көздейтін құрал жоқ. Жаңадан садақ ұстаған балаға бәрі тосын. Ештеңеге икемі жоқ. Шапқан аттың үстінде тербеліс, шайқалу, қозғалыс бар. Соны сезініп, дағдылану, дәл көздеуге үйрену өте қиын. Айналдырған 150 метрді ат бірнеше секундта шауып өтеді. Ереже бойынша садақшы 14-25 секунд аралығында үш оқты да атып үлгеруге тиіс. Көзмергендік, қолмергендік бойында бар бала кезіге қалса жақсы, жолыңның болғаны. Әйтпесе, көп еңбектің еш кетері анық.

Жақында Түркияда өткен садақшылар фестиваліне барып қайттың ғой? Халықаралық жарысқа қатысудың талабы қандай болады екен?

– Менің қатысып қайтқаным Түркияда ұйымдастырылған  дүниежүзілік «Алтын оқ» атты фестивалі. Арнайы шақырту біреу-ақ болғандықтан жарысқа жалғыз бардым. Фестивалға Финляндия, Иордания, Болгария, Польша, Моңғолия, Малайзия, Қырғызстан, Украина сияқты жиырмаға жуық мемлекеттің садақшы-мергендері қатысты. Стамбұлдан көлікпен жүргенде бес сағаттық қашықтықтағы Балаксир деген деген қалада өтті.

Жарысты ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Тек ат үстінен садақ атушылардың өзі жүзден асты. Қатысушылардың 80-85 пайызы Түркияның әр өңірінен келген өз мергендері. Бас-аяғы бес жүздің төңірегіндегі спортшының арасында жүрдік.

Түріктер бізге елуге жуық ат даярлапты. Ішінен таңдап алыңдар дейді. Небір аттарын көрдік. Алдында арнайы жол тұрмаса қанша тебінсең де, қамшыласаң бір орнында секіріп, қарғып тұрып алуға әбден үйренген  аттары бар.  Ал, жетектеп барып арнайы жолға салып жіберсе болды, шауып кете береді.

Қатысушыларға төрт түрлі жарыс ұсынылды. Әр спортшы соның екеуіне таңдап қатысуға құқылы. Тілін түсінбегендіктен алғашқыда жарыс тәртібін білмедім.  Сөйтіп, шарты қиын жарысқа қатысып кеттім. Атпен құйғытып келіп қылышпен білезіктерді түйреп алуды бұрын кім көрген? Одан қайтар жолда қылышты тастай салып, ұзын найзамен жердегі алақандай төртбұрышты табақшаларды шаншып алуың керек.

Екінші сайыс садақты үш нысанаға ату. Бұл – түріктердің ұлттық ойыны. Бірін алға, бірін артқа атасың. Үшінші нысана  он бес метр қашықтыққа, яғни, алысқа қойылған. Тағы бір сайысы – «Қабақ ату» деп аталады. Осы «Қабақ ату» мені қатты қызықтырды. Бұрын да түрік сайттарынан көріп, танысқаным бар. Қабақты, яғни, нысананы 8 метр биіктікке орналастырған. Қалқанға ұқсас нысана. Оқ тисе жаңғырған дыбыс шығады. Оны жай оқпен атпайды. Қабақты ататын жебе де, жебелерінің қауырсыны да мүлде бөлек. Жебенің ұшы доғал. Кейбірі темірден, кейбірі резеңкеден жасалған. Алысқа ұшып кетпеуі үшін қауырсыны спирал сияқты бекітілген. Жұрттың төбесіне тік шаншылып түспесін деген сақтық қой.

Бұл да бұрын қатысып көрмеген сайыс. Жарыс алдында еш жаттығу болған жоқ. Арнайы оқ болмаған соң, қабақты өз оғымызбен аттырмады. Бұл сайыста қабақты атпас бұрын ең алдымен жердегі алақандай нысанаға ат үстінен бір оқ атуға тиіссің. Алғашқы мүмкіндікте менің жебем мүлде айдалаға ұшты. Қайта екінші, үшінші мүмкіндікте қол үйреніп, жебеміз нысанаға жуықтады. Егер бірнеше күн даярлық болғанда жүлдегер атануға болатын-ақ еді. Негізі біздің жамбы атушылар осындай халықаралық жарысқа жиі қатысса мол тәжірибе жинап қайтар еді. Екі күндік жарыста көргеніміз де, көкейге түйгеніміз де аз емес.

Түрікте біздегідей бәйге, көкпар жоқ. Есесіне садақ атуға арналған спорт кешендері көп, әрі керемет салынған. Садақ атудан апта сайын бір жарыс ұйымдастырып жатады. Біз «Алтын оқ» фестивалін аяқтап жатқанда Стамбұлда тағы бір үлкен жарыс жаңа басталып жатты. Әр өңір-өңірде садақ ату жарысы тоқтаусыз өтеді. Егер интернеттегі ақпараттарына сенсек, ай сайын кем дегенде үш елішілік жоспарлы жарыс бар екен.

Тек Түркияда ғана емес, әлемнің көптеген елінде ұлттық садақ ату кең өріс алған. Мысалы, моңғолдар да ұлттық садақ атуды мүлде тоқтатпаған. Мергендік жарыс оларда тұтас бір маусымда кәдімгі үлкен мереке ретінде өтеді. Батгерел Мичирдің айтуынша, көктем шыға бес-алты мерген бас қосып елді мекендегі бір сыйлы адамның үйіне барады. Амандық-саулықтан соң мергеннің бірі садақты қолға алып, бір жебені шаңырақтан зу еткізіп сыртқа атады. Болды. Бәрі түсінікті. Жарыс сол үйден басталады деген сөз. Үй иесі төбесі көкке жеткендей қуанып, дереу малын сойып, садақшылардың жағдайын жасауға кіріседі. Моңғол үшін мергендер жарысының өз үйінен басталғанынан артық қуаныш жоқ көрінеді. Көрдіңіз бе, ұлттық дәстүрді қанға сіңірді деген осы. Моңғол жұрты балуаны мен мергенін қатты құрметтейді. Ұлттық бас киімдеріне тағылатын жеңімпаздық белгілері бар. Соны киіп тіпті мемлекеттік мекемелерге бара қалса да чемпионның алдынан қызметкерлер құрақ ұшып шығады. Ал, корейлерде садақ ату мемлекеттік емтиханға енгізілген. Орта мектепті бітіретін әрбір түлек ұлттық садақ атудан емтихан тапсырады. Мұндай ел тек садақшы-мерген ғана емес, нағыз отаншыл-патриот тәрбиелеп жатыр деген сөз ғой.

Біз ғой алғашқы жылдары  жалғыз чемпионатты күтіп қана жүретінбіз. Жарысқа шамалы уақыт қалғанда ғана садақты қолға аламыз. Басқа ешқандай жарыс жоқ еді ғой. Қайта кейінгі жылдары республикалық турнирлердің барлығына жамбы ату сайысын қосып, жақсы болды. Өткен жылы садақшылар үшін жарыс тіпті көбейіп кетті. Соның нәтижесінде жастардың жамбы атуға деген қызығушылығы да молайды. Биыл міне, «Алтын жебе» халықаралық турнирі өткізілмекші. Осының бәрі елімізде жамбы ату спортының  дамуына үлкен себеп қой.

Жоғарыда «жастайымыздан спортпен шұғылданып өстік» деп қалдың. Сонда бұрын қандай спорт түрімен айналыстың?

– Біз туып-өскен Жамбыл облысының Мерке ауданы жастарының спортпен шұғылдабай өсетіні некен-саяқ қой. Аудандағы спорт мектебінде бірнеше секция бар. Соның ішінде, күрес бәсекесі көп өтетін болғандықтан ба, көпшілігі күреске қатысуға құмар. Өзім де орта мектепті тәмамдағанша еркін күрестен қол үзген жоқпын.   Талай мәрте аудандық жарыстардың жеңімпазы болдық. Ең соңғы рет мектепті аяқтар жылы Қырғызстанда өткен халықаралық жасөспірімдер жарысында бірінші орын алған соң күресті қойып, футболмен әуестеніп кеттім. Осы күнге дейін футболқұмарлық бәсеңдеген жоқ. Өзім құрған «Ботбай» атты жеке футбол командам Меркі ауданының қатарынан тоғыз дүркін чемпионы атанды. Өзім Меркі футбол құрама командасының  жетекшісі әрі ойыншысы да болып жүрмін.

Жамбы атуға қызығушылық қалай басталды?

– Ауылда асау үйретіп, атқа мінуге де әуес болдық. Бала кезімде садақ атып ойнауды қатты ұнататынмын. Бағана айтып өттім ғой, 2014 жылы жаз басында Меркеде «Жамбы атудың» алғашқы оқу-жаттығу жиыны өтті деп. Сол тұста сыйлас ағам, көкпардан Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Қуан Құрамаев бір жолыққанда «Қазір бізде «Жамбы атудан» оқу-жаттығу өтуде.  Аттың үстінен садақ ата алатындарды іріктеп  аламыз. Жасқа шектеу жоқ. Моңғолияның мергені жаттықтырып жатыр» деп айтып қалды.  Соны естіген соң қызығып «Өзімді сынап көрсем қайтеді?» деген оймен  әлгі семинарға бара қалдым.  Басталып кеткеніне бірнеше күн болыпты. Содан моңғолиялық бапкер Батгерел Мичир мен сол тұстағы алматылық жаттықтырушы Алдияр Нұрғазиевке менің садақ атуға бейімділігім ұнап, екеуінің ұсынысымен садақшылар қатарына алындым.  Сөйтіп, іштей ұлттық ойындарға қатты құмартып жүрген басым ойламаған жерден жамбы атушылар командасының мүшесі болып шыға келдім.

Жамбы атудың қиындығы деп нені айтар едің?

– Шындығында жамбы атуды шығыны көп спорт түрі дер едім. Ұлттық садақ, оқ, жебенің ұшы, кірісі, адырнасы өзімізде өндірілмесе осы салаға жұмсалған біздің қаржы әлі талай жыл шетелге құйыла береді. Қазір ең арзан садақ 60-70 мың теңге тұрады. Негізінен Қытайдың, Ресейдің, Украинаның, Моңғолияның садақтарын сатып аламыз. Бұрын дайын оқты да сатып алып жүрдік. Әрқайсысы – мыңжарым, екі мың теңге тұрады. Өте қымбат. Әр жаттығу сайын кемінде 4-5 оқ жоғалады, сынады. Күніне екі мәрте жаттығу өткізсеңіз, қанша оқты жоғалтасыз? Ақша шақ келмейтін болған соң, ақырында оқты өзіміз жасауға үйрендік. Интернеттен қарадық, технологиясын меңгердік, станоктарын орнаттық. Сөйтіп, облыс бойынша оқты өзіміз өндіруді жолға қойдық. Жебенің ұшын жасау үшін алғашқы кезде ауданның таныс токарьларына өтініш жасадық. Ағашына қайың жақсы. Салмақты, төзімді келеді. Ал, салмақты оқ бүйірден соққан желдің ығында кетпейді. Қазір тек сапалы жебе үшін кейде қауырсынды ғана сатып аламыз. Әрине, бізде де жарайтыны бар. Мысалы, күркетауықтың қауырсыны өте жақсы. Өзіміз көбінесе осы күркетауық қауырсынын пайдаланамыз. Қаздың қауырсыны да жаман емес.

«Алтын жебе» халықаралық турниріне біздің елден қанша мерген қатысады? Команда құрамы анықталды ма?

– Иә, «Алтын жебе» біздің елде тұңғыш өткелі отырған ірі жарыс. Бұл турнирге он бестен астам шет мемлекеттің мергендері қатыспақ. Мұндай жарысқа ешбір ел осал спортшысын жібермейтіні анық.  Осы күні венгр, фин, болгар, түрік, моңғол, жапон, корей, малайзия садақшылары аттың үстінен нысана атуға өте мықты деп саналады.

Қазіргі кезде Қазақстан жамбы атушылар командасының құрамы бекітілді. Негізінен бес садақшы қатысамыз. Олар: Сарыбай Айтбек, Айкөз Ералхан, Тулыбеков Абзал, Үзденбаев Бекқали және өзім. Бұйыртса, «Алтын жебе» турнирі тамыздың 11-13 күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында өтеді.

«Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде – 5 мың доллар. Екінші орын – 3 мың доллар. Үшінші – 2 мың доллар. Төртінші орын –  1 мың доллар. Бесінші орын – 500 доллар.

Әрине, бізге жүлдеден бұрын елдің намысы қымбат. Елімізде Жамбы атудан тұңғыш ұйымдастырылған халықаралық турнирде қайтсек те жеңімпаз боламыз деген сенімдеміз.

Ендеше сол сенім үдесінен шығуларыңа тілектеспіз!

 

Сұхбаттасқан Төлеген Жәкітайұлы. ulttyqsport.kz

Сондай-ақ

АЛМАТЫДА АСТАНА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

«Спорттық Алматы» жобасы аясында Астана күніне арналған кезекті велошеру өтті. 1000-нан астам велоспорт әуесқойлары «Нұрлы …