– Жеңілгендерді әдетте «жаралы» балуан деп жатады. 2015 жылы «Қазақстан барысы» додасының финалында есе жібергеніңіз есімізде. Биыл өзге қатысушыларға қаншалықты қауіптімін деп ойлайсыз?
– Қола мен күміс қанжығамда бар. Сол секілді орын алып жүрген, даңқты балуандардың көпшілігін қауіпті деуге әбден болады. Өйткені өзің секілді күресіп жүрген, айлакер, түрлі әдіс-тәсілдерді меңгергендігіне қоса, бірнеше жылдық тәжірибесі де бар. Дегенмен кез келгенінің бағы жанып кетуі де ғажап емес. Қатарымызға енді қосылған жастардың басым бөлігі бізге, тәжірибелі балуандарға қарсы дайындалады деп ойлаймын. «Осылармен финалға дейін жолықпасам екен, алғашқы айналымдарда кездеспесек екен» деп ойлауы да мүмкін. Турнир осымен жетінші рет өткізіліп жатса, жыл сайын қатысатындар 100 пайыз қауіпті екені анық. Өзім осы уақытқа дейін алты рет қатыстым. Тек 2013 жылы жарақатқа байланысты сырт қалуға тура келді.
– Өзіңіз айтқандай, қола мен күміс – қолда, алтын болса – жолда. Әрі бас фаворит Бейбіт Ыстыбаев жарыс алаңына шықпайды. Жеңіске біртабан жақындаған сыңайлысыз…
– Биыл бірінші орын аламын деген сенімдемін. Бұйыртса, «Қазақстан барысы» атанып, тойлатамыз.
– Бас жүлдеге 25 миллион теңге тігілді. Бұл үшін белдесуге әбден болады. Сіздің еншіңізге бұйырса ол ақшамен не істемекшісіз? Әдетте, алмаған ақшаның өзін жоспарлап қоямыз. Жоспарыңыз қалай?
– Бүгінгі таңда спорттық-сауықтыру кешенін салып жатырмыз. Алматы облысы Бақанас ауылының маңында орналасқан. Бас жүлде алар болсам, барлық қаражатты сол кешеннің жұмысына салар едім. Жалпы құрылысы аяқталуға тәмам. Нүктесін қоюға 25 миллион теңге керек. Соны қолға түсірер болсақ, базаның ашылар күні алыс емес.
– Күреске ерекше көңіл бөлінетін кешен болатын сыңайлы. Солай ма?
– Негізінен, ауыл балаларының күреспен айналысуына мүмкіндік бергіміз келеді. Өсіп келе жатқан жастар көп. Соларға күрес залын ашып берсек деген ой бар. Бұдан бөлек есік алдына ойын алаңын жасауды жоспарлап отырмыз. 20 бөлмеден тұратын қонақүйі бар. Яғни, кішігірім база секілді болады. Осы жерге келіп спортшылар оқу-жаттығу жиынын өткізе алатындай болса деген тілегіміз бар. Сонымен бірге, қарапайым халықтың да келіп, жаттыққанын қалаймыз. Құрылысын бастағанымызға 3-4 жыл болды. Қаражат жетіспеушілігінен бітіре алмай жатырмыз.
– Бас жүлде алмасқа амал жоқ секілді, ендеше. Осы жолы «жеңсем» деп кімді көздеп жүрсіз?
– Нақты біреуін жеңуге дайындық жасап жатқан жоқпын. Бар мақсатым – жеңімпаз атану.
– Қатысушылар тізімінде жастардың қарасы көп. Жалынынан қорықпайсыз ба?
– Бағы мен бабы сәйкес келіп тұрса, іріктелген мықты біреуінің жеңіске жетері хақ. Жастардың қарқыны күшейсе, қуанамыз. «Өзгелерге сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін» деген әзіл бар емес пе? Менің де айтпағым – осы.
– Спортпен ғана айналысып жүріп, отбасын асырау оңай емес. Материалдық жағдайға байланысты мықты спортшыларымыздың қаншасынан айырылғанымыз белгісіз. Үйленгелі өмір өзгерген шығар?
– Егер атың шыққан үздіктер қатарында жүрген болсаң, отбасын асыраудың қиындығы жоқ. Дегенмен барлығы бірдей үштікте жүре алмайды. Азғантай ғана айлықты місе тұтып, қанша уақыт спортпен айналысуға болады? Бәлкім, 20 жасқа дейінгі кезеңдерде жастықпен барыңды салып, шынығарсың. Дегенмен жасың ұлғайған сайын түрлі қаржылық мәселелер туындайды. Соның кесірінен талай талантты спортшыларымыз спортпен қош айтысты. Бұрын бойдақ кезімізде сәл оңайлау еді. Алған айлығымыз өзімізден артылатын. Қазір қолыңа қарап отырған бала-шағаң бар. Оларды асырау – сенің міндетің. Сол үшін еңбек ету керек. Бөлек кәсіп ашып, табыс табуды ойлана бастайсың. Ер адамға қол жайып, ақша сұраған да, «ақша жоқ» деп жылаған да жараспайды. Тірі адам тіршілігін жасауға міндетті. Бірақ мықтылардың біразынан айырылдық дегеніңізбен келісемін. Ешкім спорттан кетейін деп кетпейді. Бәрі шарасыздықтан туындайды. Ақыры көмекші, оққағарға айналады. Бізде спорттың даму қарқыны күшейіп келеді. Соңғы 5-6 жылда спортқа деген қолдау, халықтың ықыласы артты. Міне, содан да болар өзге елдер тарапынан көреалмаушылық пен аяқтан шалу болып жатқаны. Илья Ильин секілді атлеттеріміздің сегіз жыл бұрынғы сынақтарынан допинг тауып жатыр.
– Бұрынғы «Қазақстан барысы» турнирлерінің алдында да біраз балуандар жарыстан шеттетілгенін білеміз. Допингті қабылдамайтын спортшы жоқ деген пікірмен қаншалықты келісесіз?
– Мәселе бәрінің допинг қабылдауында емес, бәрінен, барлық заттан дерлік допинг табылуында дер едім. Мысалы, милдронат – бар-жоғы 2 мың теңге тұратын препарат. Оны допинг деу қаншалықты дұрыс? Спортқа енді келген шағымызда оны бізге жүрек жұмысын қалыпқа келтіру үшін ішуге кеңес беретін. Бүгінде оған тыйым салып отыр. Егер дәл соны ішкен соң қара күш иесіне айналып, қарсылас шақ келтірмесе – әңгіме бөлек. Менің түсінігімде допинг сондай қасиетке ие болуы тиіс.
– Біздің допинг – қазы-қарта, саумал десек бола ма?
– Бұрын мен бүгінді салыстыруға келмейді. Барлық нәрсе табиғи әрі таза болған шақ өтіп кетті. Бүгінде барлығында қоспа бар. Таза күйінде табу қиын. Сондай-ақ телефон, интернет секілді дүние болмаған соң ата-бабаларымыздың психологиясы қалыпты, жаны тыныш еді. Қазір ахуал басқаша. Осы тұрғыдан алып қарағанда фармакология, яғни, медициналық препараттар қабылдау, дәрумендер ішу дұрыс деп санаймын.
– Сізді көпшілік қазақ күресі арқылы таниды. Дзюдода неге ондай танымал емессіз?
– Қазақ күресінің жарнамасы өте мықты. Спорттың басқа түрлерінде дәл мұндағыдай қолдау аз. Теледидар қоссаң, көшеге көз тіксең – «Қазақстан барысы» жайлы ақпарат. Дзюдода жарнама жағы мықты емес. «Қазспорт» арнасы ашылғалы бері жағдай біраз жақсарды. Өйткені жарыс алаңынан хабар таратып, спортшыларды таныта бастады. Айталық, қанша мықты дзюдошыларымыз бар әлем мен Азияны бағындырған. Бірақ халықтың барлығы оны біле бермейді. Негізі спорттық жолымды дзюдодан бастағам. Күрестің бұл түрін ерекше жақсы көремін.
– Алып денелі азаматтар аңғал келеді деседі. Жиі алданып қаласыз ба?
– Кішкентайымнан спорт мектебінде оқыдым. Интернатта өстім. Бұл жерде түрлі балалар болады: аңқау, қу, қатыгез және т.б. Сондықтан болар мені алдау қиын. Не айтқысы келіп тұрғанын сезіп қоямын. Алдағысы келсе, мұрша бермеймін. Аңғал келеді деген пікірмен келіспейтінім содан. Дегенмен айласын асырып кететіндер де кездесіп тұрады.
– Өз-өзіңмен күресе білу де өнер. Қандай кемшілігіңіз бар?
– Ұмытшақтығым бар. Көп нәрсе есімнен шығып кетеді. Сондай-ақ еш нәрсеге зауқым соқпай қалатын кездер болады. Ондайда ерекше жалқау болып кететінім бар. Ең жек көретінім – жоспар құру. Уәде беріп қойғаныммен, жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. Мәселен, сізбен ертең түсте кездесемін дегеніммен, бапкерім аяқасты шақырып қалса, жоспар бұзылады. Сол себепті, алдын ала уәде бергім келмейді.
– Әңгімеңізге рақмет!
P.S
Руслан Әбдіразақов алдағы күндері Астанаға аттанады. Алматы қаласының намысын қорғап, бозкілемге шықпақ. Сұхбат барысында балуанның өзіне деген нық сенімі қуантты. Біраз жылдық тәжірибеге сүйенген ол жеңісті оңайлықпен бермесі анық. «Қазақстан барысы» атағын кім аларын 2 шілде күні білетін боламыз. «Бағың жансын, барысым!» деп ұрандап, қолдау білдіруге біз дайын!
Сұхбаттасқан
Жадыра АҚҚАЙЫР.
Дереккөз: aikyn.kz