UFC чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор ресейлік Хабиб Нурмагомедовпен жекпе-жек өткізгісі келеді. Бұл туралы UFC басшысы Дана Уайт MMAjunkie басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Конордың маған не дегенін білесіздер ме? Ол былай деді: «Мен Хабиппен Ресейде жекпе-жек өткізгім келеді». Ол Флойд Мейвезермен жұдырықтасуға дайындалып жатыр, содан кейін ол Ресейде Хабибпен жекпе-жек өткізгісі келеді», — деді Уайт.
МакГрегор — Мейвезер жекпе-жегі 26 тамызда Лас-Вегаста өтеді. Ирландиялық спортшы 75 миллион доллар алады, ал америкалық — 100 миллион доллар.
Нурмагомедов америкалық Тони Фергюсонмен 5 наурызда жекпе-жекке шығуы тиіс болатын, алайда ресейлік спортшы ауруханаға түсіп, кездесу ұйымдастырылмады. Ол салмақ тастау әрекетінен қатты зардап шеккен. Нурмагомедов күзде қайта октаганға шығады деген болжам бар.