Бүгін 30 маусым күні Қытайдың Хох-Хото қаласында дзюдодан әлемдік Гран при турнирінің алғашқы күні аяқталды. Бірінші күнде Қазақстан құрамасының сапынан 60 келіге дейінгі салмақта екі дзюдошы бақ сынаған болатын.
Рустам Ибраев алғашқы белдесуінде Ким Чуонг Хуокты (Солтүстік Корея) жеңгенімен, екінші айналымда Альберт Огузовка голден скорда жеңілді. Ибраев жұбаныш белдесуі арқылы қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Қазақстандық балуан жұбаныш белдесуінде Мохаммад Рашненозадқа есе жіберіп, жүлдесіз қалды.
Осы салмақта жарыс жолына шыққан тағы бір дзюдошымыз Бауыржан Жауынтаев бірінші схваткада Роберт Мшвидобаздеден жеңіліп, жарыстан шықты.
Ертең, 1 шілде күні Қазақстан құрамасының сапынан 5 дзюдошы жарыс жолын бастайды. 73 келіге дейінгі салмақта Айдын Дартаев алғашқы айналымда ирандық Мохаммади Барманлу Мохаммадпен белдессе, осы салмақтағы екінші балуан Бекәділ Шаймерденов кореялық Канг Ханчшеолмен мықтылық байқасады. 81 келіде Ерсұлтан Мұзаппаров аустралиялық Гохлан Еоинмен татамиде бақ сынасады.
Ал әйелдер арасында 63 келіге дейінгі салмақта Ділбар Өмірәлиеваға канадалық Штефани Трэмблэй қарсылас атанса, 70 келідегі дзюдошы Зере Бектасқызы алғашқы белдесуде италиялық Карола Пайссонимен жолы түйіседі.
Дереккөз: sportportal.kz