Ауыр атлетшілеріміз халықтан кешірім сұрап, бюджеттен алған қыруар қаржыны қайтарсын
Кеше ғана Халықаралық олимпиадалық комитет еліміздің төрт бірдей ауыр атлетін Олимпиада медалінен айырды. Күллі әлемге өздерін де, өз елін де масқара қылды десек, артық айтқандық емес.
Біріншеден, ХОК секілді беделді ұйым даулы хабарлама ғана жасаумен айналысатын мекеме емес қой. Және біздің спортшыларымыздан басқа әлемнің небір алпауыт елдерінің спортшылары да медальдерінен қағылды.
Екіншіден, халық арасында «Ойбай, Илья Ильинді көре алмайды, аяқтан шалды» деген сөздер жиі айталады. Әлемдік деңгейде Илья сынды спортшы жоқ дейміз бе сонда? Екі дүркін Олимпида чемпионы болған спортшылар жетіп артылады. АҚШ-тың әйгілі Майкл Фелпсі ше? Жиырма үш рет Олимпиада чемпионы атанған Фелпс немесе тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы Усейн Болтты допинг қолданды деп айыптамады ғой. Және бүкіл әлемде, Қазақстанда тек қана Илья Ильин осы қара тізімге енсе онда ойлануға болар еді.
Үшіншіден, ауыр атлеттердің «көсемі» Алексей Ни осы жағдайдың бәрін теріске шығарып отыр. Қазақта мақал бар, «Сасқан үйрек құйрығымен жүзеді» деген. Әрине, теріске шығарады. «Ия, біз қабылдап едік» деп айтуға дәті қайда, байғұстың… Ал, сол Нидің «неадекватный» пікірлеріне бола әлемдік олимпиадалық комитеттің жұмысына сенбеуге бола ма?
Төртіншіден, ауыр атлетшілердің «қылмысы» дәлелденді. Ал, енді оларға бюджет есебінен, СІЗ бен БІЗДІҢ қалтамыздан берілген қыруар қаржы неге қайтарылмайды? БЮДЖЕТ дегеніңіз – сіздің ай сайынғы айлығыңыздан ұсталатын он пайыз ақша! Бұларға берілген 250 мың доллар, бәленбай-түгенбай мың доллардың бәрі, сіз бен біздің тірнектеп жиған табысымыз. Сонда олардың елді алдап, әлемге қара бет болғандарына осыншама ақша төлеуіміз керек пе?
Несіп Иманбай,