ҚЫЗЫЛОРДАДА КОНФЕДЕРАЦИЯ КУБОГЫНЫҢ «А» ТОБЫ БОЙЫНША ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ.
6 қараша күні Қызылорда облысында Конфедерация кубогының «А» тобы бойынша іріктеу кезеңі өтті. Оған Астана, Алматы қалалары, Алматы және Қызылорда облыстарынның командалары қатысты. Жарысқа қатысушылар таеквондо, дзюдо, грек-рим және еркін күрес түрлері бойынша сынға түсті.
Командалардың құрамы танымал спортшылармен жасақталған. Атап айтсақ, Рио Олимпиадасына қатысқан еркін күрес палуаны Ғалымжан Өсербаев Қызылорда облысының намысын қорғаса, әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, Олимпиада ойындарының қатысушысы Нұрмахан Тінәлиев Алматы облысының, ал Алмат Кебіспаев пен Досжан Картиков Астана қаласының намысын қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша грек-рим және еркін күрестерінен Алматы облысы жеңімпаз атанса, таеквондодан Алматы қаласының командасы финалдық кезеңге өтті.
Дзюдодан Қызылорда облысының командасы қарсыластарынан басым түсіп, ақтық бәсекеге жолдама алды.
Финалдық кезең 3-4 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 125 миллион теңгені құрайды.