Қазақстандағы аралас жекпе-жек шеберлерінің бірі, WFCA тұжырымында чемпиондыққа үміткер Диас Еренгаипов dodasport.kz сайтының тілшісіне алдағы жоспарларымен бөлісті. Диас қазіргі күндері Тайланд елінде жаттығу жиындарын өткізуде.
— Джиу-джитсудан 2017 жылы әлем чемпионы болғаныңды білеміз. Кәсіби аралас жекпе-жекте жүріп әуесқой жарыстарға шығып чемпион болу оңай бола ма екен?
— Мен керісінше әуесқой жарыс қиын болады дейтін едім. Өйткені, барлық командамен болған дайындық көп күшті талап етеді. Әрі оқу-жаттығу жиындары клубтарда, арнайы лагерьлерде ұзақ уақыт болады. Оның үстіне жарыста міндетті түрде бірінші орын алуға тырысасың, себебі бір күнде 1-2 рет татамиде күресесің, бір жағынан құраманың деңгейін де көтеру керек.
— «Ахмат» клубына қалай қабылдандың және WFCA-мен келісімшарты туралы айта кетсең.
— 2015 жылы «Ертіс үшін шайқас» деген жарыста іріктеуден өттім. Сосын «Ахмат» клубына қабылдадым. Бірден сол жылы Қазақстанда WFCA 8 жарысы өтті. Соған мен де қатыстым. Сол жерде қарсыласымды техникалық нокаутпен ұттым. Әрі қарай сол лигада қалуды шештім. WFCA-де осы уақытқа дейін 6 жекпе-жек өткіздім. Жақында тағы 3 кездесуге келісімшартқа қол қойдым.
— 2015 жылы бастап 3 жылдың ішінде 9 жекпе-жек өткізіп үлгердің. Ол асығыстық емес пе?
— Бір жылда 3-4 жарысқа қатысым. Физикалық тұрғыда ауыр болмағандықтан, жарақат алмағандықтан өзіме ыңғайлы болды. Әрі мен жаспын. Өзіме де тәжірибе керек.
— Жақында «Tiger Muaythai» залындағы іріктеуден өттің. Енді соған қандай жағдай қарастырылды?
— Ол іріктеу туралы алдын-ала хабарланған соң қатысайын деп бір жарым ай Павлодарда дайындалдым. Содан кейін Пхукетке барып ірітеуге қатыстық. Ол жерде жүгіру, күрес, бокс бойынша балл қойып отырды. Соңында кімнің өткенін, кімнің өтпегенін хабарлады. Келісімшарт бойынша «Tiger Muaythai»-да 1 жыл тегін жаттығатын боламын және тегін қонақ үймен, киіммен қамтамасыз етілдім.
— Сонда әрі қарай 2 клубтың атынан шығасың ба?
— Иә, екі клубтың атынан шығам.
— Тамыз айында болатын Имран Букуевпен өтетін кездесуіңді қазан айына Николас Варелаға қарсы қойыпты. Не үшін қарсылас пен уақыт ауысты?
— Тамызда мен шығатын жекпе-жек кешінде біздің салмақтағы чемпион Юнус Евлоев пен Азам Гафуров екеуі шықса, мен рейтингте екінші орындағы Имран Букуевпен жекпе-жек өткізуім керек еді. Бірақ Евлоев жарақат алып қалып, Гафуров пен Букуев уақытша белдікке кім мықтыны анықтайтын болды. Сол үшін маған басқа қарсылас берді.
— Сонда Гафуров пен Букуевтің қайсысы ұтса сен сол спортшымен шығасың ба?
— Иә, өйткені Евлоевтің жарақатты өте ауыр екен. Оның қашан оралатыны белгісіз. Бірақ мен бірінші Вареланы жеңуім керек. Содан кейін белдікке ұмтылуға болады.
— Арнайы уақыт бөліп сұхбат бергеніңе рахмет. Алдағы жекпе-жегіңе сәттілік тілейміз!
— Сіздерге де көп рахмет!
Сұхбаттасқан: Азамат Мәуленұлы