ММА-ден 2017 жылғы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы, Қазақстан аралас жекпе-жегінің кішкентай жұлдызы Санжар Әділов Dodasport.kz сайтының тілшісіне сұхбат беріп, өз жоспарларымен бөлісті. Айта кетсек, Санжар 25 тамызда M-1 GLOBAL-дағы дебюттық кездесуін өткізеді.
— Санжар, бірінші кәсіпқой жекпе-жегіңді 2016 жылы Қарағанды қаласында өткізіпсің. Бірақ, ол шердогқа кірмеген, яғни сенің рекордыңда жазылмапты. Сол не үшін?
— Иә, 2016 жылы Lega С тұжырымында Шешенстан спортшысына қарсы жекпе-жек өткізіп жеңіске жеттім. Шердогқа кірмей қалғаны ұйымдастырушыларға байланысты болды. Солардың қателігінен есепке алынбай қалды.
— Сол жекпе-жектен кейін екі жыл бойы кәсіпби кездесулер өткізбеген екенсің. Негізгі жоспар ең бірінші әлем чемпионы болып алып, одан кейін барып кәсіпқой спортқа ауысу болды ма?
— Екі жыл ішінде жақсы қарында дайындалдым. Әуесқойлар арасында жарыстарға шығып тәжірибе жинадым. Содан кейін бапкерім екеуміз ақылдаса келе әлем чемпионатына дайындықты бастадық. Ол үшін бірінші облыстық жарысты ұту керек болды. Бірінші одан өттім. Екінші Қазақстан чемпионатындағы іріктеуде оза шауып, әлем чемпионатына жолдама алдым. Ең соңғы этапта әлем чемпионы атанып жеңіп көк туымызды желбіреттім.
— Ал, облыстық іріктеулер және Қазақстан чемпионаттары қай уақытта өтті? Неше кездесу өткіздің?
— Облыстық жарыс 2017 жылдың басында болды. Ол жерде төрт кездесу өткіздім. Ал, Қазақстан чемпионаты мамырда Атырау қаласында өтті. Оған дейін мен Дағыстанға барып Ресейдің әйгілі еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абдулманап Нурмагомедовтың қол астында екі айдай дайындық жүргіздім.
— Әлем чемпионатынан кейін жарты жылдың ішінде үш кәсіби жекпе-жек өткізіп үлгердің. Әрі үшеуін де уақытынан бұрын аяқтап жеңіске жеттің. Физикалық тұрғыда қиындық туғызбады ма?
— Үш жарыстан да жарқат алған жоқпын. Сондықтан, шыға беруді ұйғардым. Үшеуі де үш түрлі тұжырымда өтті. Өйткені, жоғарғы деңгейдегі тұжырымдарда шыққанға дейін өзімді сынап, тәжірибе жинағым келді. Өткізген жекпе-жектерімнің ішінде аса қиыны болған жоқ. Үшеуін де уақытынан бұрын бірінші раундта аяқтадым. Негізі үш немесе бес раундтық кездесулер өткізіп өзім бақылап көргім келеді.
— Жақында ғана сенің келесі жекпе-жегің 25 тамызда М-1 GLOBAL тұжырымында өтеді деп хабарланды. Қарсыласың грузиялық Важа Цыптаури атты спортшы екен. Ол жігіт жайлы білетін ба едің?
— Күні кеше ғана осы жаңалық шықты. Қарсыласым өте тәжірибелі. Кәсіби спортта алты кездесу өткізіп бесеуінде жеңген. Әрі кикбоксингтен Грузия чемпионы екенін естідім. Стилі менікімен ұқсас екен. Бірінші нөмір боп қимылдайды. Тік тұрып та, партерде де мықты. Меніңше, өте қызықты кездесу болайын деп тұр. Жеңіс үшін барымды саламын.
— Осы жарысқа қанша уақыт дайындалдың? Оқу-жаттығу жиындарың қай жерлерде өтті?
— Екі спорттық базада оқу-жаттығу жиындарынан өттім. Бірінші жиында жарты ай Оңтүстік Қазақстандағы тауда, екіншісінде Ақтөбедегі «Еркін күш» залында болдым. Қазір ең соңғы оқу-жаттығуымды Астанадағы «Tobet Top Team» залында аяқтайын деп жатырмын. Тағы сол залда М-1 GLOBAL-дың жеңіл салмақтағы чемпионы Дамир Исмагулов та бізбен бірге дайындық үстінде.
— М-1 GLOBAL-мен тек бір кездесуге ғана келісімшарт жасалды ма? Әлде ұзақ уақытқа ма?
— Қазірше тек бір кездесу. Сол кездесуден кейін әрі қарай не істейтініміз белгілі болады.
— Ал, Америкадағы «AKA», «American Top Team», «Jackson Wink» сияқты залдарға барып дайындалатын жоспар бар ма?
— Ол да осы жарыстан кейін белгілі болады.
— Аралас жекпе-жек әлеміндегі алға қойып отырған мақсатың қанадай?
— Мақсат тек грузин спортшысын жеңу ғана емес. М-1 GLOBAL тұжырымының аса жеңіл салмақтағы белбеуін жеңіп алып, әрі қарай UFC-ге өтіп, оның да чемпионы атану.
— Қарбалас жаттығуларыңның арасында уақыт тауып бізбен кездесіп, сұхбат бергеніңе алғыс білдіре отырып, 25 тамыздағы жарысыңа жеңіс тілейміз!
— Рахмет! Қазақтың көк туы желбірей берсін!
Сұхбаттасқан: Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ