Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / СЫНЫҚ ҚОЛДАРЫМЕН ЧЕМПИОН БОЛҒАН

СЫНЫҚ ҚОЛДАРЫМЕН ЧЕМПИОН БОЛҒАН

«ALEM FIGHTERS» клубының белді мүшесі, «TECH Krep Fc» белбеуінің иегері Нұрберген Шәріпов өзінің спорттық жолы туралы Dodasport.kz сайтының тілшісіне сұхбат берді.

— Нұрберген, жанкүйерлер сенің спорттық базаңның қандай екенін және қай жерде жаттығатыныңды біле бермейді. Сол жайлы айтып берсең.

Спортты 9 жасымда еркін күрестен бастадым. Содан 20 жасыма дейін күресте жүрдім. 2007-2008 жылдары джиу-джитсу мен самбодан жарысқа шыға бастадым. Сөйтіп-сөйтіп ММА-ге қарай беттедім. Негізгі жаттығатын жерім Атырауда. Арасында Дағыстанға оқу-жаттығу жиындарына барып тұрамын.

— Кәсіпқой жекпе-жегіңді 2014 жылы бастаған екенсің. Бірақ кездесулерің әртүрлі промоушендерде болған. Оның себебі неде?

Сол 2014-2015 жылдары Ардақ Назаров ағамыздың клубы «ALEM FIGHTERS»-ке қабылдандым. Сосын, сол кісілердің тарапынан қытайлық «KUNLUN FIGHT» тұжырымына жекпе-жекке шығу туралы ұсыныс түсіп, ол жерде бірнеше кездесу өткіздім. Содан кейін, «TECH Krep Fc» турнирінде бақ сынадым.

Дәл бір жыл бұрын сол «TECH Krep Fc» турниирінің жеңімпазы болған едің. Сол уақытта аралас жекпе-жек жаңалықтарында екі бірдей сынық қолмен шаршы алаңға шығып жеңіске жетті деген сөз тарап, жанкүйерлер сені көкке көтерген болатын. Мұндай тәуекелге не үшін бару керек болды?

Аталған турнирдің жартылай финалына Дағыстанда жаттығып жүргенімде оң қолымды сындырып алдым. Ал, 1 айдан соң жарысқа шығуым керек еді. Егер мен шықпайтын болсам орныма басқа адамды қоямыз деді. Бірақ, олай болмайды деп жартылай финалға шығып жеңдім. Одан кейін, сол қолымды Тайландтағы жаттығуда сындырып алдым. Ол кезде финал уақыты жақындап қалған болатын. Дегенмен, ең соңғы айқас қой деп, бинтпен қолымды қатты таңып алып жекпе-жекке шығып чемпион атанып қуанған едім.

Бір жыл бойы жарысқа шықпағаныңның себебі қолыңның жарақаты ма?

Иә, өйткені, чемпион болғаннан кейін бірден қолыма ота жасаттым. Дәрігерлер жарты жыл демалуың керек деген соң жаттығуды тоқтата тұрдым.

— Жақында ғана Америкадағы әйгілі «Jackson Wink» залынан оралдың. Ол қанша уақыт дайындық болды? Кімдермен бірге жаттықтың?

Америкада менің менеджерім әрі жаттықтығушым Азамат деген жігіт бар. Соның шақыртуымен «Jackson Wink» залында 3 жарым ай оқу-жаттығу жиынында болып келдім. Онда Джон Джонс, Диего Санчез, Карлос Кондит сияқты UFC-дің атақты спортшыларымен бірге жаттықтым.

Сол Америкада жүріп грэпплингтен «NAGA» белдігін жеңіп алған екенсің. Америкадағы жаттығу кезіндегі басымдыты грэпплингке бердің бе?

Грэпплингтен жарыс болады дегенді естідім де барып қатысқым келді. Сол үшін Нью Джерси штатына бардық. Басқа да штаттардан грэпплер де келіп қатысты. Мен де қатысып әуесқойлар арасынан бірінші орын алдым да, белбеуге таласқанда екінші орын иелендім. Содан бір жарыс ай өткен соң Нью Мексикада тағы да грэпплингтен жарыс болды. Сол жерде экспертке күресіп «NAGA» белбеуін жеңіп алдым. Грэпплингтен де жақсы дайындалдым десе де болады.

Келесі жекпе-жегің қашан және қай тұжырымда болмақ?

— Шаршы алаңға қазан немесе қараша айында шығуды жоспарлап отырмын. Бірақ, менеджеріммен әлі ақылдасуымыз керек. Қазір нақты белгісіз боп тұр.

— Сенің қайтадан сегізбұрышқа шығуыңды асыға күтеміз. Сондықтан, саған тек қана сәттілік тілейміз!

Рахмет! Жаңалық күтіңіздер!

Сұхбаттасқан: Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ

Сондай-ақ

ХАБИБ НУРМАГОМЕДОВ БОКС АҢЫЗЫ ФЛОЙД МЕЙВЕЗЕРДІ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРДЫ

Менеджер Дехуан Блэйк инстаграм парақшасында, Хабиб Нурмагомедовтың Флойд Мэйвезерді жекпе-жекке шақырған бейнеүндеуін жариялады. «Кеттік, Флойд! …