7-10 ақпан күндері Ақмола облысының Щучинск қаласында Джиу-джитсу спортынан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Бұл сайысқа еліміздің барлық өңірінен ең мықты деген спортшылар қатысты. Себебі жеңімпаздар Әбу-Даби еліндегі әлем чемпионатына жолдама алды.
Қазақстан чемпионатында ерекше көзге түскен спортшылардың қатарында Санат мен Самат атты егіз спортшыны ерекше айта кетуді жөн санадық. Қос ағайынды сайыстың үш түрінде де жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда Санат неваза, ал Самат файтинг түрінде, екеуі қосылып дуо (жұптық) түрінде чемпион атанды. dodasport.kz сайты жас спортшылардан сұқбат алған болатын.
Санат пен Самат Сәрсеновтер Алматы облысы, Талдықорған қаласында дүниеге келген. Қазіргі күні Талдықорған Гуманитарлық-Техникалық колледжінің 2 курс сутеденттері.
Джиу-джитсу спортына қатысқанына бір ғана жыл болса да, қос спортшы өте жақсы жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Щучинсктен бөлек Атырау қаласында өткен жастар ойындарында да жүлде тұғырынан көрінген болатын.
— Джиу-джитсуға келместен бұрын 1 жыл еркін күреспен айналыстық. Жай өзіміз үшін жаттығу жасап жүретінбіз. Тимур Сыдықов атты бапкеріміз бізді сол жерден көріп, өз залына алып келді. Содан бастап үзбестен жаттығу жасап, осындай нәтижеге қол жеткіздік.
Еркін күрестен де нәтижелері жаман болмапты. Алматы облысының чемпиондары. Бірақ джиу-джитсуда мүмкіншілік зор, көп салалы спорт деп санайды. Ел чемпионатын ұтқан қос спортшы Әбу-Дабидегі өздерінің алғашқы Халықаралық деңгейдегі жарыстарына дайындықтарын бастап кетіпті.
— Еркін күреске қарағанда джиу-джитсу қиын спорт түрі болып табылады. Себебі айла-тәсілдері көп. Біз бұл спорт түрін аз ғана уақыт ішінде меңгеріп алдық. Енді шеберлігімізді шындай береміз.
Қос спортшы дуо-систем, яғни жұптық көрсетілім сайыс түрінде жеңіске жетті. Айта кету керек, жастар ойындарында бұл түр бойынша Санат пен Саматқа қарсылас болмады. Себебі Джиу-джитсудың Қазақстан үшін таңсық түрі әлі дами қоймаған еді. Бірақ соңғы ел чемпионатында бірнеше жұп бәсекеге түсті.
— Атырауда қарсылас болмады. Бірақ Щучинскте бірнеше спортшы болды. Дегенмен олардың деңгейі әлі төмен. Қазіргі біздің мақсатымыз осы дуо-систем түрін Қазақстанда дамыту. Әзірге жаттықтырушымыз берген нұсқаулықтан бөлек түрлі тәсілдерді ойлап табуға тырысамыз. Кинолардан көргенімізді де іс жүзінде қолданып көреміз. Жалпы ерекше, әрі қызықты спорт түрі.
Санат пен Саматтың туған ағасы Сәрсенұлы Сәкен де джиу-джитсуға қатысады. Тек қатысып қана қоймай жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Ағайындылар бірігіп осы спорттың түрімен айналысуды жөн санапты. Сәрсеновтарды спорттық отбасы деп те атауға болады. Әкелері Денделбаев Сәрсен еркін күреспен айналысқан, спорттық білімі бар кісі.
Спорттағы қазіргі жетістіктері бапкерлері Сыдықов Тимурдың арқасы деп біледі. Ұстаздарын өздеріне үлгі тұтады. Оның да жөні бар. Себебі Сыдықов Тиур 13 дүркін Қазақстан чемпионы, 3 дүркін әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
— Егізім болғанының артықшылығы өте көп. Бірге дайындалып, үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», — дейді Санат. Жоғарыда айтып кеткендей Санат неваза, ал Самат файтинг түрінде жеңіске жетті. Екеуі де қай түр болсада бәсекеге қабілетті, мықты спортшылар екенін айтады.
Мақсаттары алда келе жатқан әлем чемпионатында жеңіске жету, Қазақстан байрағын көкке көтеру. Қазақстанда джиу-джитсудың дуо-систем түрін дамыту.
Ендеше, спортшыларымызға әлем чемпионатында сәттілік тілейміз!