«Мұз айдыны» спорт кешенінде елімізді әлемге танытып жүрген жерлесіміз, қызылордалық Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанау секциясына қатысатын тәрбиеленушілерге шеберлік сабағын өткізді.
4 дүркін Қазақстан жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева алғашқы рет өз тәжірибесімен бөлісіп, мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін үйретті.
Мұз айдыны ханшайымы Элизабет жас мәнерлеп сырғанаушылармен сұхбаттасу барысында олардың осы спортқа деген ынта-ықыласының артқандығын, қызығушылықтарының жоғары екендігін байқады. Сондай-ақ, бірқатар спортшылардың өзіне ұқсап, елімізді халықаралық ареналарда әлемге танытатын ниеттерінің бар екендігіне көз жеткізді.
Элизабет қыркүйек айынан бастап сегіз халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Соның ішінде 2019 жылдың 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында өтетін XXIX қысқы Универсиадада студенттер арасында алғашқы мәрте бағын сынамақ.
Одан кейін 12-24 наурыз аралығында Жапонияда болатын Әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғайды. Осы жарыстарға тыңғылықты дайындалу үшін жазда Ресейде өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады.