Футболдан Қазақстан чемпионатының маусымы басталып, алғашқы тур нәтижелері ресми түрде тіркелді. Турдың алғашқы голын «Ертіс» ойыншысы Павел Шабалин «Атырау» қақпасына соқты. Павлодарда өткен матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Шабалиннен кейін румыниялық легионер Дору Попадюк гол соғып, «Ертіске» басымдылық сыйлады. 90 минутта «Атыраудың» хорватиялық қорғаушысы Томислав Барбарича есеп айырмасын қысқартты. Еске салсақ, екі клуб та маусым алдында бас бапкерлерін ауыстырған. «Ертіс» тізгініне 33 жастағы испаниялық Жерард Нус келсе, «Атырау» бапкерлігін Вахид Масудов қабылдады.
Ал «Қайрат» Алматыда премьер-лига дебютанты петропавлдық «Қызыл-Жар СК» клубын қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. 26 минутта сербиялық Братислав Пуношевац «Қызыл-Жар СК»-ны алға шығарған. Алайда одан кейін 80 минутта Исаэль және 27 минутта Андрей Аршавин мергендік танытып, «Қайратқа» жеңіс сыйлады. Еске салсақ, «Қызыл-Жар СК» 2017 жылы бірінші лигада екінші орын алып, премьер-лигаға жолдама алған еді.
Қызылордаға екінші құрамымен барған «Ақтөбе» минималды есеппен жеңіске жетті. Ақтөбелік жартылай қорғаушы Асланбек Кәкімов 75 минутта пенальтиді сәтті орындап, команда жеңіске жетті 1:0 есебі Талдықорғанда да тіркелді. Қостанайлық «Тобылды» қабылдаған «Жетісу» жеңіліс тапты. Ойындағы жалғыз голдың авторы – «Тобылдың» жаңа ойыншысы Бауыржан Тұрысбек.
«Ордабасы» мен «Шахтер» арасындағы кездесу 2:1 есебімен шымкенттік команданың пайдасына шешілді. 22 минутта Еркебұлан Тұңғышбаев гол соққан. 51 минутта «Шахтердің» сербиялық шабуылшысы Дамир Кояшевичтің айып соққысынан кейін есепті теңесті. 64 минутта өзбекстандық Иван Нагаев «Ордабасыға» түбегейлі жеңіс сыйлады. Алайда өзі 72 минутта жарақатына байланысты алаңнан кетуге мәжбүр болды. Маусымаралық үзілісте бұл командалардың да бас бапкерлері ауысқан. «Ордабасыға» болгариялық Георги Дерменджиев келсе, белорусиялық Владимир Журавель енді «Шахтердың» мәртебесін асыруға тырысып көреді.
Елордалық «Астана» болса, маусымды өте сәтті бастады. Команда 4 наурыз күні «Қайратпен» суперкубокқа таласып, 3:0 есебімен ойсырата жеңгені белгілі. Премьер-лигадағы алғашқы кездесуінде де оралдық «Ақжайықты» дәл осындай есеппен ұтты. 9 – минутта хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов «Астананы» алға шығарған. Қалған голдар екінші таймда соғылды. 73 минутта Сергей Малый «Ақжайық» қақпасын дәл көздесе, 79 минутта Серікжан Мужиков үшінші голды соқты. «Астана» Қазақстан чемпионатының соңғы төрт маусымында қатарынан жеңді. Биылдан бастап команданы Григорий Бабаян жаттықтыруда.
Осылайша, бұл турда тең нәтиже тіркелген жоқ. Турнир кестесінің алдыңғы алтылығы 3 ұпайдан иеленсе, кейінгі алтылық әзірге 0 ұпаймен тұр. Бірінші турдың қорытындысы бойынша көптен қара үзіп шыққан мергендер жоқ. Ең көп гол соққан – «Астана» клубы. Одан кейінгі орында – «Ордабасы», «Қайрат», «Ертіс». Содан кейінгі орында бір-бір доптан соққан «Тобыл», «Ақтөбе», «Атырау», «Қызыл-Жар СК» командалары орналасқан.
2 тур ойындары 17 наурызда өтеді:
«Тобыл» – «Шахтер»
«Ордабасы» – «Қызыл-Жар СК»
«Қайрат» – «Атырау»
«Ертіс – «Ақтөбе»
«Қайсар» – «Ақжайық»
«Жетісу» – «Астана».
Абай АЙМАҒАМБЕТ aikyn.kz