Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында, алматылық «Қайрат» сырт алаңда чехиялық «Сигмаға» қарсы ойын өткізді.
Чехияның Оломоуц қаласында орналасқан «Андрув» стадионында өткен ойында, чехиялық «Сигма» «Қайратты» 2:0 есебімен жеңіп, өзіне қолайлы нәтижеге қол жеткізді.
Ойынның алғашқы голын 21-ші минутта Мартин Сладки соқты. Кейін бірінші таймның 38-ші минутында бас төреші италияндық Массимилиано Иррати «Қайраттың» қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаевты алаңнан қуып, алаң иелеріне басымдық берді.
10 ойыншымен есепті теңестіру үшін шабуылдаған «Қайрат» командасы, екінші таймның 50-ші минутында Вацлав Пиларж гол соғып, алматылықтардың еңсесін әбден басты. Бас төреші ойынның 68-ші минутында чехиялық команданың ойыншысы Михал Вепршек алаңнан қуып, екі жақтың да құрамын теңестірді. Бірақ қалған уақытта «Қайраттың» есеп басын қысқартуға мүмкіндігі жетпеді.
Енді барлығы бір аптадан соң, 16-шы тамызда Алматыда өтетін «Қайрат» пен «Сигма» арасындағы қарымта ойында шешіледі.
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт