Иранда өткен Тахти кубогынан еркін күрес шеберлері бір ғана нәтижемен оралды.
Әлемдегі ең үлкен турнирлердің бірі болып есептелетін айтулы жарыс барысында 74 келіде ақтық сынға жолдама алған Нұрлан Бекжанов күміс жүлдегер атанды. Жолындағысын барынша жайпаған балуанымыз финалда Блогария балуаны Алипаша Умарпашаевқа есе жіберді.
Үміт күткен тағы бір спортшымыз Болат Сақаев Якуп Гормен [Түркия] қола үшін таласта ұтылды. Бір айта кетерлігі, осы салмақтағы чемпион Алипашамен Сақаев жартылай финалда жолыққан еді. Өкінішке орай, болгар балуан қос спортшымыздан да басым түсті.
Айта кетейік, Нұрлан Бекжанов 2016 жылы Будапешт қаласында еркін күрестен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Олимпиадалық емес салмақ дәрежелеріндегі күрес түрлерінен алғаш рет өткен сол додада Нұрлан 70 кг салмақта күрескен еді. Қазіргі ереже бойынша балуандар күресетін күні өлшенеді, көп салмақ қуа алмайды. Сондықтан Нұрлан Бекжанов Ирандағы турнирде 74 кг салмақта шықты.
Н.Бекжанов күрестегі жолын БҚО-ның Сырым ауданы Бұлдырты ауылында бастаған. Алғашқы бапкері — Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелин. Астана қаласындағы қазіргі жаттықтырушысы — Асқар Әбдірашев.