2018 жыл басталғалы бері бірнеше жүлделі орындардан кейін «Астана» алғашқы жеңісін тойлады. Луис Леон Санчес бір күндік жарыстардың беделдісі «Мурсия Вуэльтаны» жеңді. Соңғы шықырымдарда жылдам шабуыл жасаған шабандозымыз ешкімге жеткізбей кетті.
— Ең алдымен айтарым – команда жайлы. Бүгін жігіттердің барлығы тамаша өнер көрсетті. Мен әрқайсысына жеке дара алғысымды жеткізгім келеді. Бастапқыда алға озып шыққандар болғандықтан, жаарыс бойы алдыңғы қатарда жұмыс істеуге тура келді. Соңына қарай Вальверде екеуміз озып шықтық. Егер спринтке дейін бірге барсақ, онда Валенсиядағы жағдай қайталанады деп топшыладым. Сондықтан да, мәреге 2 шақырым қалғанда жақсы мүмкіндік туды да, мен ешқандай ойланбастан алға қарай ұмтыла кеттім. Дегенмен де, менің жеңісім түгелімен командалық қызметтің арқасында орын алды. «Валенсия Вуэлтасында» екі мәрте жүлделі болдық, Дубайда Магнус Корт екінші орын алды. Енді міне, толықтай жеңіс келді. Бұл керемет көрсеткіш! – деді Луис Леон Санчес мәре сызығын өткеннен кейін.
Беньель қалашығынан басталған бұл жарыс Мурсия қаласының көшелерінде аяқталды. 208,3 шақырымды құраған біркүндік жарыс шабуылдарға толы болып, нәтижесінде Вальверде мен Санчестің теке тіресімен аяқталды.
Вальверде 2 шақырым қалғанда шабуыл жасады. Алайда, Санчес бірден оған жауа қатып, тырп еткізбеді. Тіпті, одан кейін өзі шабуылдап, Алехандроның апшысын қуырды.
— Біз бүгінгі жеңіспен мақтана аламыз. Ойлаған жоспарымыз болған еді, соны команда толықтай орындап берді. 40 шабандоздан тұратын топ құрылған кезде өте қауіпті жағдай орын алды. Алайда, «Мувистар» командасымен бірге озып кеткендерді жылдам сабасына түсірдік. Одан соң, жалпы жарысты өзіміз бақылауға алып, елдің бәрін көз алыдмызда ұстадық. Кейіннен QuickStep командасының бір шабандозы жұлқып шыққан шақта, оған да бірден төтеп беріп, басып тастадық. Осындай жағдайлардың біреуін қалт жібергенімізде жеңіске жетуіміз қиындай түсетін еді. А Вальверде мен Санчестің теке тіресінде мықты жеңіске жетті деп ойлаймын. Осы жеңістен кейін біз келесі доданы асыға күтіп отырмыз, — деді командамыздың спорттық директоры Бруно Ченьялта.
Мурсиядағы жүлдегерлердің қатарын үшінші орын алған бельгиялық Филип Жильбер толықтырды. Сонымен бірге, «Астана» командасының шабандозы Якоб Фульсанг 6-болып мәре сызығын кесті.