Теннистен Федерация кубогында Қазақстан мен Жапония құрамалары күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Нью-Дели (Үндістан) қаласында өткен жарыста А тобында Қазақстан, В тобында Жапония жеңімпаз атанған еді. Бүгін қос құрама ІІ әлемдік лиганың плей-офф бәсекесіне берілетін жолдаманы сарапқа салды.
Бірінші матчта Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-інші ракеткасы Зарина Дияс дүниежүзілік рейтингте 102-інші орында тұрған Куруми Нарадан ұтылып қалды. Бұл Федерация кубогындағы З.Диястың алғашқы жеңілісі еді.
Екінші кездесуде Юлия Путинцева Нао Хибиноны жеңіп, есепті теңестірді. Үшінші, шешуші бәсекеде З.Дияс пен Ю.Путинцева Мию Като мен Макото Ниномияға 4:6, 5:7 есебімен есе жіберді.
Жалпы есеп 2:1 болып Жапония құрамасының пайдасына шешілді. Осылайша, Жапония құрамасы ІІ әлемдік лиганың плей-офф кезеңіне жолдама алды.