Басты бет / Кәсіпқой бокс / Бекман Сойлыбаев / БЕКМАН СОЙЛЫБАЕВ: ЛОМАЧЕНКОМЕН ЖҰДЫРЫҚТАСАТЫН КҮН АЛЫС ЕМЕС

БЕКМАН СОЙЛЫБАЕВ: ЛОМАЧЕНКОМЕН ЖҰДЫРЫҚТАСАТЫН КҮН АЛЫС ЕМЕС

 

Жеңілмеген қазақ боксшысы атақты украиналық Василий Ломаченкодан ұсыныс түссе, бас тартпайтынын айтты

Екінші жартылай жеңіл салмақта WBC International белдігінің иегері, 12 жекпе-жектің бірде бірінде жеңілмеген қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев Sputnik Қазақстан агенттігіне сұқбат берді. Әңгіме 27 жастағы спортшының боксқа келуі, әуесқойдан кәсіпқойға ауысуы, алдағы жоспарлары, ұстанымдары жайында өрбіді.

Оқушы кезіңізде бокс үйірмесіне алғаш барғанда, бапкерлер сізді қабылдамаған екен. Неге? 

– Біз ауылдағы мектептің спорт залында жаттықтық. Шағын залда алпыс шақты адам спортпен шұғылданатын. Екі ағам да бокспен айналысатын, бір күні соларға еріп мен де бардым. Жиналғандардың бәрін сапқа тұрғызды. Кішкентай зал адамға лық толды, сыймай жатыр. Адам көп болғасын, жаттығудың да берекесі қашады. Бапкер жаңадан келгендерді “келесі жолы келесіңдер” деп шығарып салды. Сөйтіп қабылданбадым. Ертесіне күрес үйірмесіне жазылып, үш жыл күреспен айналыстым. Сегізінші сыныпта үйірме жабылып, қайтадан боксқа келдім.

Екі ағам да бокспен айналысты дедіңіз. Қазір отбасында сізден басқа спорт жолын жалғастырып жүргендер бар ма?

– Әкем күреспен, зілтемір көтерумен айналысқан. Қазір де жасы алпыстан асса да жүгіріп, жаттығу жасап тұрады. Екі ағамның біреуі қайтыс болды, тағы бір ағам төрт-бес жылдай әуесқой бокспен шұғылданды, бірақ енді керемет нәтижеге жеткен жоқ. Кейін әртүрлі себеппен боксты тастады, қазір басқа іспен айналысады.

2014 жылы әуесқойдан кәсіпқой боксқа бет бұрдыңыз. Әуесқойда қалып, Олимпиадада бақ сынап көруім керек пе еді деп өкінбейсіз бе?

– Жоқ, әр адамның айқын мақсаты болуы керек деп ойлаймын. Әуесқой бокста әскерилер арасында әлем чемпионы атанғаннан кейін, “Diamond Ring” промоутерлік компаниясынан кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсыныс түсті. Әлем чемпионы болу үшін осыған ауыстым. Әуесқой боксқа қайтып оралу ойда да жоқ, өкінбеймін де.

Кәсіпқой бокс бір жағынан жақсы табыс көзі… 

– Табыс көзі екені рас. Бұған дейін Қазақстанда кәсіпқой бокс дамымаған еді. Қазір көріп отырсыздар, көбісі біртіндеп кәсіпқой боксқа ауысып жатыр. Енді-енді дамып келеді. Әуесқой бокста жүретін болса, бекерге уақыт жоғалтады. Олимпиадаға үнемі бірінші нөмірлерді ғана алып барады, ал екінші, үшінші нөмірлер көмектесіп жүреді. Кәсіпқой бокста саған жұмыс істейді, өзіңді көрсетуің керек.

Қиын емес пе?

– Еш қиындығы жоқ, әуесқой бокста не істесең, мында да сол. Тек жаттығулары басқаша. Аллаға шүкір, бәрі жеткілікті, қиындық көріп жатқан жоқпыз.

4 жылдың ішінде 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеттіңіз. 12 қарсыластың ішінде сіз үшін ең азулысы кім болды?

– Ең қиыны он бірінші жекпе-жек болды. Мексикада венесуэлалық Самуэль Гонсалеске қарсы жұдырықтасқан едім. Кездесуіміз 10 раундқа созылды. WBC International чемпиондық белдігіне таластық. Қарсыласым осал болған жоқ. Есте қалған ең қиын жекпе-жегім осы болыпты.

Қарсыластарыңыз сізге не үйретті?

– Рингке қандай боксшымен шықсаң да, өзіңе пайдалы тұстарын ала білген жөн. Мәселен, мен бұрын жұдырықтасқан кезде, тек алға ентелеп, қарсыласымды ұра беретін едім. Тезірек құлатуды ойлайтынмын. Ал қазір жекпе-жектегі тактикам қарсыласымның кім екеніне байланысты. Ол алға жүретін болса, онымен төбелеспеймін, қорғаныста, екінші нөмірде жұмыс істеуге тырысамын. Жекпе-жек 10 раунд болған соң, күшті үнемдеу керек. Қарсыласымның қателіктерін бақылап, осал тұсын байқаған бойда соққыны соған қарай бағыттауға тырысамын.

Ел арасында сол қолыңызда жарақат бар екені айтылады, әр жекпе-жектен кейін мазалайды екен. Рас па сол?

–  Спорт болған соң, жарақат алып тұрамыз. Екі жекпе-жектің алдында, оның алдында да оң қолымда жарақат болды. Қазір жазылып келеді, бәрі дұрыс. Бірақ сол қолымда ешқандай жарақат жоқ, мазаламайды да. Әдетте жарақат жекпе-жек біткен соң шыға бастайды. Одан кейін бір апта ештеңе істемей, қалпына келгенше демаласың. Тек содан кейін барып жаттығуға кірісемін.

Украиналық боксшы Василий Ломаченкомен қолғап түйістіруді қалайтыныңызды айтқан едіңіз. Нақты жоспар бар ма?

– Нақты мына күні деп кесіп айта алмаймын, мұнымен промоутерлік компания, менеджерлер айналысады. Әлі бір нәрсе деп айту ерте. Оның үстіне ол қазір 61 келіге ауысып жатыр. Маған да салмақ қосу керек. Бірақ ұсыныс түсіп жатса, әрине, бас тартпаймын. Ол күннің де ауылы алыс емес деп ойлаймын.

Биыл қанша жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырсыз?

– Осы жылы үш немесе төрт жекпе-жек болуы мүмкін. Қарсыластар әлі белгісіз. Командамен ақылдасып шешетін боламыз. Алла қаласа, наурызда Америкаға ұшамын. WBS International чемпиондық белдігін қорғау керек. Қазір формамды сақтау үшін үнемі жаттығу жасап жүрмін.

Кәсіпқой бокста жүрген қазақстандық боксшылардың ішінде кімдермен жақсы араласып тұрасыз?

– Америкада Айдар Шәрібаев, Мадияр Әшкеев, Мейірім Нұрсұлтанов бар, Асхат Уәлиханов болған. Сағадат Рахманқұлов қазір сол жақта. Америкада осы боксшылармен кездесіп тұрамыз. Ал Қанат Ислам Майамиде, Головкинді ашық жаттығу өткізген кезде анда-санда көріп тұрамын.

Көктемде Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің қарымта жекпе-жегі өтетіні белгілі. Осыған қатысты не айтасыз?

– Бұл жекпе-жек екеуіне де оңайға соқпайтыны анық. Біз Головкинге болысамыз ғой, әрине. Басымдық Головкинде деп ойлаймын. «Канело» да осал емес, алдындағы жекпе-жек те өте тартысты өтті. Бірақ осы жолы одан да тартысты айқас болатын секілді. Менің ойымша, Головкин қалай болса да жеңеді.

Былайғы тірлікте қандай да бір проблеманы жұдырықпен шешкен сәттер болды ма?

– Қазір ашуға берілетін заман емес қой (күлді). Мүмкіндігінше тыныш жүрген дұрыс, бірақ шектен шығып жатса, әрине, сазайын тартады. Әзірге ондай жағдай бола қойған жоқ. Десек те бәрін ақылмен шешкен жөн деп ойлаймын.

Күніне неше сағат әлеуметтік желіде отырасыз? Желі қолданушыларының жазған пікірлері көңіл-күйіңізге әсер ете ме?

– Жаттығудан шыққан соң, жаңалықтарды бір шолып шығамын. Негізінен спортқа, боксқа қатысты жаңалықтарды ғана оқимын, саясат аса қызықтырмайды. Ал адамдардың жазғандары көңіл-күйіме әсер етпейді. Бастапқыда қытығыңа тиетін пікірлерді оқығанда, өзімді жаман сезінетін едім. Қазір етім үйреніп кетті, мән бермеймін. Не жазса да, әркімнің өз ойы.

Қыздардың бокспен айналысуына қалай қарайсыз?

– Өз басым, қызым болса, боксқа жібермес едім. Спортты сүйсе, жеңіл атлетикаға немесе басқа бір спорт түріне берер едім. Бокс сияқты, ауыр атлетика да қыздарға жараспайды деп ойлаймын.

Бірақ ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшы қыздарымыз жетерлік қой…

– Әрине, оларға әке-шешесі рұқсат беріп отыр. Мен оларға дұрыс емес деп айта алмаймын. Тек өзім құптамаймын.

Көшеде жүргенде адамдар танып жата ма?

– Иә, танып жатады. Қасыма келіп, суретке түседі.

Артыңыздан еріп келе жатқан боксшы жастарға айтарыңыз. 

– Бәрі еңбекпен келеді. Сондықтан жатпай-тұрмай еңбек етіңдер.

Сұқбатыңызға рақмет! Шаршы алаңда жеңісті күндеріңіз көп болсын! 

Нұргүл Абай

Дереккөз: diamondring.kz

Сондай-ақ

БЕЙБІТ ШУМЕНОВ ТУҒАН ҚАЛАСЫ ШЫМКЕНТКЕ ОРАЛДЫ

16 ақпан күні кәсіби боксшы, жартылай ауыр және бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы Бейбіт Шуменов …