Буэнос-Айресте жасөспірімдер Олимпиадасының алтыншы жарыс күні аяқталды. Қазақстандық спортшылар бір алтын мен бір күміске қол жеткізді.
Өкінішке қарай, жеңіл атлеттеріміз үшін жарыс сәтсіз басталды. Спорттық жүрістен Кристина Морозова үздік ондыққа енсе, 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Галина Панасенко орта жолдан қайтты. Галинаның келесі кезеңде жоғары орынға таласа алмайтыны анық.
Бессайысшылар биылғы Олимпиадада төрт жаттығу бойынша бақ сынайтынын еске саламыз. Атпен жаттығу келесі жас категориясынан бастау алады. Ал семсерлесу сынында Софья Приженникова 234 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Әділ Ибрагимов 194 ұпаймен 21-ші сатыда. Бүгін қыздар арасындағы бәсеке жалғасады.
«Алғашында қатты қобалжыдым. Трибунадағы жанкүйерлердің шуылы да әсер етпей қоймады. Содан соң ғана эмоция пайда болып, ойымдағыны іске асыра бастадым. Семсерлесуде бапкерлер кеңесімен біраз ұпай жинадым. Енді әрі қарай ұпайға таласамыз», — дейді Приженникова.
Садақ атудан Қазақстан командасының бапкері Ольга Ли Александра Воропаева мен Әлихан Мұстафиннің көрсеткішін қорытындылады.
«Бастамасы жаман болған жоқ. Әлихан есепте алға шығып, бірінші орында тұрды. Кейін үшінші орынға сырғыды да, бірнеше техникалық қателік жіберіп, 26-шы сатыға тұрақтады. Ал Александра өз көрсеткішін біраз жақсартты. Бүгін спортшылар аралас командалық сында өнер көрсетеді. Әлихан мексиалық қызбен, Александра парагвайлық жігітпен бір топқа түсті», — дейді бапкер.
Бүгінгі күннің басты қаһармандары — ескек есушілер. Стелла Суханова қола жүлдегер атанса, Диас Бахриддин Аргентина төрінде Қазақстан Әнұранын шырқатып, алтын медаль жеңіп алды.
Дереккөз: Olympic.kz
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт