Екінші демалыс күнінен кейін бүгін «Испания Вуэльтасы» қайта жалғасын тапты. Кезең Сантильяна-дель-Мар қаласынан басталып, қиынға соққан 32 шақырымдық жекелей жарыстан кейін Торрелавеги қаласында аяқталды. «Астана» командасының көшбасшысы Мигель Анхель Лопес кезең бойы барын салып, 31-нәтиже көрсетті. Ол жеңімпаз аустралиялық Роан Денниске 2 минут 19 секунд уақыт ұтылды.
— Менің ойымша Мигель Анхель жекелей уақытқа арналған кезеңді жақсы жүріп өтті. Жарыс барысында бірде бір қателік жібермей, дисциплина бойынша қолдан келгеннің барлығын көрсетті. Жекелей жарысқа арналған жоспарымызды мүлтіксіз, толықтай орындады. Мигельдің көрсеткен нәтижесі оның қазіргі таңдағы дәрежесіне сай келетінін біз алдын ала білдік. Ең басты мақсатымыз басқа фавориттермен салыстырғанда уақыт жоғалтпау болатын. Мигель ол тапсырманы орындады деп ойлаймын. Әрине, қазіргіден де аз уақыт жоғалтсақ тамаша болар еді. Бірақ жағдай осындай. Не дейміз, жекелей уақытқа арналған жарыс жолын бағындырдық. Ал енді бізді алда шешуші таулы кезеңдер күтіп тұр. Алдағы уақытта жетістікке жетуге тырысамыз. Жарыс тек Мадридте аяқталады, — деді спорттық директор Дмитрий Седун.
Жекелей жарысқа арналған 16-кезеңнің нәтижесі «Испания Вуэльтасының» бас классификациясына өзгерістер әкелді. Британдық Саймон Йейтс көшбасшының қызыл жейдесін сақтап қалды. Ол Алехандро Вальвердеден 33 секунд уақыт, ал бүгінгі кезеңнен кейін 3-орынға көтерілген Стевен Крёйсвейктен 52 секунд уақыт басым түсті. Көшбасшыға 1 минут 34 секунд ұтылған Мигель Анхель Лопес қазірше 6-орынға жайғасты. Ол жарыстың фавориттеріне біртабан жақындады.
17-кезең барлық шабандоздар үшін ауыр сынақ болмақ. Велесебедшілер Гечодан басталып, 157 шақырымнан кейін аса тік орналасқан Балкон-де-Бискайя шыңына дейінгі жарыс жолын бағындырады.
Сурет: Bettiniphoto.net сайтынан
Дереккөз: AstanaProTeam.kz
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт