Атырау қаласында тарих ғылымдарының докторы Табылдиев Хисмет Бозанұлының 80 жас мерейтойына арналған қазақ күресінен халықаралық турнир мәресіне жетті,-деп хабарлайды dodasport.kz. Халықаралық турнирдің бас жүлдесін Шығыс Қазақстандық балуан Айбек Нұғымаров жеңіп алды.
Табылдиев Хисмет турнирінде Ресей, Өзбекстан, Грузия және Қазақстан елдерінен 28 балуан күш сынасты. Қазақ күресі алыптарының бәсекесі өте тартысты өтті. Жүлделі орындарды кіл мықтылар өзара сарапқа салды. Бас жүлдеге темір тұлпар сыйланды.
Атырау кілемінде бес жекпе-жек өткізіп, тартысты белдесулердің барлығында да жеңіске жеткен Нұғымаров Айбек жарыс жеңімпазы атанды. Қазақ күресінен төрт дүркін әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» Республикалық турнирінің жеңімпазы өз атағын абыроймен қорғап шықты.
Ақтық бәсеке өте тартысты өтті. Алматы облысының балуаны Ұлан Рысқұл да азулы балуан екені белгілі. Қос қазақ күресінің алыбы арасындағы белдесу тағдыры бір секунд қалғанда шешілді. Кездесу соңына дейін бір-бірінің осал тұстарын таба алмаған балуандар қосымша уақытты күтіп жүргендей көрінген. Алайда негізгі уақыттың бітуіне бір секунд қалғанда Айбек қарсыласын жамбасқа түсіріп, керемет жеңіске қол жеткізді.
Күміс жүлдегер атанған Ұлан Рысқұл алдымен Грузин балуаны Тушишвили Гурамды таза жықты. Екінші айналымда Көлбай Темірланды да оңай жеңді. Жартылай финалда Исағабылов Мақсат жолығып, тартысқа толы жекпе-жек көрсетті. Жалпы Табылдиев турниріне келген балуандардың дайындық деңгейі көңіл қуантады.
Үшінші орынды «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері, қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Абдразақов жеңіп алды. Екінші және үшінші орын алған балуандар сәйкесінше 500,000 және 250,000 теңге көлемінде сыйақы иеленді. Сайыста ерекше көзге түскен балуандарға да сый көрсетілді.
Турнирдің бас төрешісі және ұйымдастырушысы Аманбай Қыздарбаев:
Табылдиев Хисмет турнирі өте жоғары деңгейде өтті. Қазақ күресінен түрлі Халықаралық, Республикалық турнирлердің жеңімпаздары еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. Грузин елінен әлем және Еуропа біріншіліктерінің чемпиондары келіп, жарыстың тартысты өтуіне себепкер болды. Біздің балуандар қанша дегенмен мықтылығын танытып, жеңіске жетті. Өзбек балуандары мен Ресей балуандары да тәжірбиесі толысқан нағыз шеберлер. Мықтылар жеңді. Төрешілер әділ түрде жұмыс жасады, халық оң бағасын берді. Бұл турнирден кейін Атырау облысында қазақ күресі үлкен серпіліс алатынына сенімдімін.Осындай турнирлердің көптеп өтуі қазақ күресінің дамуына септігін тигізері анық.
Айта кетейік, биылғы жылдан бастау алған Табылдиев турнирі, қазақ күресі спортының күнтізбесіне еніп, жылма-жыл дәстүрлі түрде өтетін болады.
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт