Гаурика Сингх — биылғы Олимпиаданың ең жас атлеті.
Рио Олимпиадасында Непалдың намысын қорғайтын жүзуші Гаурика Сингх биылғы төртжылдық доданың ең жас спортшысы атанбақ. Арқамен 100 метр қашықтықта жүзу бойынша сынға түсетін Сингхтың жасы бар болғаны 13-те ғана. 2016 жылы Гаурика Үндістанда өткен Оңтүстік-Азия ойындарының төрт дүркін жүлдегері атанған. Еншісінде бірнеше ұлттық рекордтар бар.
2015 жылы Гауриканың туған жерінде қатты жер сілкінісі болып, 10 мыңдаған адам қаза тапқан. Сондықтан ол отбасымен Лондонға көшуге мәжбүр болған. Қазір сол жерде жаттығу жұмыстарын жасауда. Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары басталғанда Гауриканың жасы дәл есеппен 13 жас, 255 күн болады.
«Бұл мен үшін үлкен қуаныш, бірақ мүмкін емес сияқты көрінген. Мен шынымен Олимпиада ойындарына қатысуды армандадым. Өзімнің лицензия ұтып алғанымды естігенде бірден сене алмадым. Себебі мен өте жаспын ғой», — деді Непал елінің жүзу спортынан 7 бірдей ұлттық рекордының иесі Гаурика Сингх.
Айта кетейік, Гаурика Үнді елінде өткен Оңтүстік Азия елдерінің ойындарында 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған болатын. Сол жарыста ол Олимпиадалық нормативті орындады.
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт