Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында таеквондодын әлем чемпионаты бүгін мәресіне жетеді. Жарыстың соңғы, жетінші күні қос спортшымыз сынға түскен болатын.
Әйелдер арасында 62 келіде Гүлім Бибалаева ел намысын қорғады. Отандасымыз үш кездесу өткізді. 1/64 кезеңде Тринидад және Тобаголық Зариах Ашвиді жеңді. 1/32 кезеңінде Бразилиялық Джулия Васкенселосты 14:6 есебімен ұтты. Өкініше орай, 1/16 кезеңде Ресейлік таеквондошы Татьяна Кузьминаға 11:13 есебімен ұтылып қалды.
Ерлер арасында 80 келіде Нұрлан Мырзабаев ел намысын қорғады. 1/64 кезеңде Нұрлан Аустралиялық Хассан Моуфарреджді 20:6 есебімен тізе бүктірді. Кейін 1/32 кезеңде Кот-д’Ивуар таеквондошысы Шейх Саллахты 23:13 есебімен ұтты. Айта кету керек, Кот-д’Ивуар таеквондошы Рио Олимпиадасында чемпионы атанған болатын.
1/16 кезеңде Нұрланның қарсыласы атақты Өзбек спортшы Максим Рафалович болды. Аса тартысты өткен кездесуде Нұрлан 17:14 есебімен басым түсті.
Өкінішке орай, 1/8 финалда Ұлыбританиялық Дамон Сансум отандасымыздан басым түсіп, 8:21 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Қазақстан құрамасы Қайрат Сарымсақов еншілеген жалғыз қола медальмен әлем чемпионатын аяқтайды.