Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарында еліміздің белді дзюдошысы Максим Раковтан жүлде күткеніміз рас еді. Алайда, біздің тарлан жарыстың 1/8 финалында болашақ чемпион, поляк Лукаш Крпалектен ескерту бойынша ұтылып қалды. Болар іс болды, бояуы сіңді. Дегенмен, дәл қазір спортсүйер қауымды «Раков қайда, не істеп жүр, нендей ойы бар?» деген сұрақтардың мазалайтыны анық.
Сондықтан біз Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионына арнайы жолығып, осы және басқа да сұрақтарға жауап алған едік.
– Максим, газет оқырмандары қазір сіздің немен айналысып жүргеніңізді білгісі келеді.
– Қазір үйдемін. Демалып, ем алып жатырмын.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында Максим Раков Рио-2016 Олимпиадасынан кейінгі сәтсіздіктен соң үлкен спортпен қоштасады екен деген ақпар тарады. Бұған не айтасыз?
– Әзірге ондай ой жоқ. Жаңа жылға дейін емделіп, күш-қуатты қалпына келтіріп алған соң, жаттығуды бастасам деген ойым бар. Қалай болған күнде де, алдағы қаңтарда кесімді сөзімді айтамын. Жаттықтырушыларым да менің шешімімді күтіп жүр.
– «Қазақстан барысы» турниріне қатысу ойыңызда бар ма? Бұрын қазақ күресінде күш сынасып көріп пе едіңіз?
– Өз басым «Қазақстан барысы» жобасын ұлттық спортты дамытуға елеулі үлес қосатын тамаша жоба дегенге толық қосыламын. Негізі, алдағы уақытта осы турнирде бақ сынап көру ойымда бар. Жалпы, дзюдо мен қазақ күресінің табиғаты бір-бірлеріне жақын, ұқсас деп айтқызатын тұстары көп. Ал енді бұрын қазақ күресінде күшімді сынап көрген жоқ едім.
– Сіздің ініңіз – жастар арасындағы ел чемпионы Михаилдың болашағы туралы не айтасыз? Қарағандылық жас дзюдошылардың аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?
– Михаил жарақат алып қалған. Қазір емделіп жатыр. Қарағандыда болашақта ел намысын лайықты қорғай алатын дарынды дзюдошылар баршылық. Мысалға Рио-2016 Олимпиадасында күрескен Жансай Смағұлов пен талантты балуан Қайрат Ағыбаевты айтуға болады. Бұлардың ізін ала талай талантты жастардың өсіп келе жатқаны тағы бар.
Негізі, Тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихындағы Азия чемпионатының тұңғыш чемпионы Иван Карезелиди – біздің облыстың балуаны. Қазақстанның алғашқы әлем чемпионы да кеншілер астанасынан шықты. Енді тұңғыш Олимпиада чемпионы да қарағандылық балуан болса екен деген тілек бар.
– Құрама командадағы жерлесіңіз, талантты балуан Ислам Бозбаев қазір қайда? Хабарыңыз бар ма?
– Естуімше, Теміртауда жаттығып жүрген көрінеді. Егер қателіктерден қорытынды шығара білсе, алысқа баратын жігіт…
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»