Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӘШІМ ҚАЛИДЫҢ ЕЛ БІЛМЕЙТІН ҚЫРЛАРЫ

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӘШІМ ҚАЛИДЫҢ ЕЛ БІЛМЕЙТІН ҚЫРЛАРЫ

Біз бүгін КСРО, Еуропа және Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, каратэден 5 дан иегері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы және «Спорт жұлдыздары» журналының шығарушысы Әшім Қали туралы сөз қозғамақпыз. Оған себеп болған Қыдырбек Рысбек ағамыздың жақында «Қазақта қанша әлем чемпионы бар?» деген мақаласы. Қыдырбек ағаға каратэ Олимпиадалық спорт қатарына қосылуына байланысты сол тізімге Әшім Қалиды да қосайық дегім келеді. 

Енді барша Қазақ елінің спорт сүйер қауымына түсінкті болуы үшін Әшім Шәріпұлы туралы ол кісінің 13 қырын ашқан осы мақаланы жазып шыққанды жөн көрдік. Әшім Қали – даңқты спортшы ғана емес, білікті бапкер, облыс пен қаланың қоғамдық өміріне белсене араласушы, журнал шығарушысы, шебер дауылпазшы, аңшы-балықшы және өзіне тән қоңыр дауысты әншілігі мен ақындығы бар сегіз қырлы — бір сырлы жігіттің төресі. Сонымен:

 

1. Әшім Қалидың алғашқы қыры – ол сөз жоқ, спортшылығы. Ақтөбе облысы, Алға ауданының шағын ғана Көлтабан деген ауылында дүниеге келген қазақтың қара домалақ баласы каратэ деген спорттың қиын да қызықты түрін алғашында өз бетінше үйренді дегенге ешкім сене қоймауы мүмкін. Дегенмен шындық солай. Оның каратэге деген қызығушылығын оятқан Кеңес одағының тұңғыш «боевигі» атанған «ХХ ғасыр қарақшылары» атты фильм болатын. Басты рольді сомдаған Талғат Нығматуллиннің өнеріне тәнті болған бозбала өз бетінше жаттығып, алдына «Спортшы,оның ішінде каратэші боламын» деп мақсат қояды. Далада қой соныңда жүріп «Шіркін, каратэден әлем чемионы болсам ғой» деген балалық арман қуушы еді. Сол арманы бұл күнде жүзеге асып, Әшім Шәріпұлы каратэ спортының барлық биігін бағындырды. Ол тек қана каратэ емес қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсу, грепплинг секілді жекпе-жек түрлерінен де көптеген жетістікке жетті. Сондай-ақ дзюдо, самбо және қазақ күрестерімен де айналысты. Бір сөзбен айтқанда Әшекең өзің спортшы ретінде таныта білді. Осы жерде сіздерге бір қызық дерек айта кеткелі отырмыз. Әшім ағамыздың каратэге қызығушылығын оятқан аты — шулы «ХХ ғасыр қарақшылары» фильмінің бір кездері жалғасы түсірілмекші болып, Талғат Нығматуллиннің орнына басты рольді сомдауға Әшім Шәріпұлын шақырыпты. Өкінішке орай аталған фильм сол бойы түсірілмей қалды.

2. Әшекеннің екінші қыры – оның қоғамдық өмірге белсене араласуы десек қателеспейміз. Оның ең бастысы кең байтақ еліміздің барлық өңіріне тарайтын спорт журналын шығарып отырғандығы. Қазақстанда небір мықты, спорттың ең биік шыңдарын бағындырған спортшылар жетерлік. Алайда түрлі-түсті журнал шығарып, спортшылардың жетістіктерін насихаттап отырғандары саусақпен санарлық. Сол аз ғана топтың ішінде ол кісі шығаратын журналдың шоқтығы биік екені бұл күнде дау тудырмайды.
Екіншісі – ол тек қана каратэ спортының дамуына үлес қоспай, облыстық джиу-джитсу федерациясын да басқарып отыр. Сонымен қатар республикалық каратэ-до, джиу-джитсу және қоян-қолтық ұрыс федерацияларының бюро мүшесі.
Үшіншісі — өзі туып-өскен ауылындағы Әшім Қали атындағы спорт кешеніне үнемі қолдау көрсетіп тұруы, Бұл да болса Ақтөбе қаласы құрметті азаматының бір қыры екеніне сөз жоқ.

3. Ол кісінің үшінші қыры ол — имандылығы. Себебі атасы Қали Бұқара және Самарқанд қалаларында діни білім алып, ишан атанған кісі.1996 жылы Әшім аға әкесінің батасын алып, фамилиясын атасының есіміне өзгертуді жөн көріпті. Әкесі Шәріп те медресе бітіріп, діни сауат ашқан кісі. Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысты. Соғыстан оралып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, өмірінің соңғы 30 жылында ауылда молда болып 95 жасында дүние салды.
Ата мен әке жолын жалғастырған Әшекең де он жылдан астам уақыттан бері мұсылмандық ғибадаттарды орындап келеді. Ұлы Тахир екеуі Алла Тағала нәсіп етіп кіші қажылыққа барып қайтты.

4. Біреу келісер, біреу келіспес бірақ Әшім Қали қазақ спортшылары арасынан бірінші болып еліміздің көк байрағын көкке көтерген спортшы! Бұл жөнінде ол кісінің өзі былай деп әңгімелейді:
«— 1991 жылдың 17 желтоқсаны күні Саратов қаласында жасөспірімдер арасында КСРО біріншілігі өтті. Осы сында менің шәкіртім Батырхан Байдосов күміс жүлдегер атанып, КСРО спорт шеберлігі нормативін орындады. КСРО ұлттық құрамасы сапына алынды. Бәріміз қуанышпен қонақ үйге келіп, теледидарды қосып қалсақ, «Время» хабарынан «Бүгін КСРО спорт комитеті тарады» деп хабарлап жатты. Осының алдында 2 сағат бұрын мен 2 дүркін КСРО спорт шеберлігіне қол жеткізсем, шәкіртім тұңғыш рет спорт шебері атанған болатын. Сол хабарда «Келесі жылы өтетін Барселона Олимпиадасында бәріміз КСРО ұлттық Олимпиада комитетінің туының астында өнер көрсетеміз, бірақ бұрыңғы он бес республика өкілдеріне өз елдерінің туын алып шығуға болады» делінді. 1992 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатына біз КСРО құрамасы сапында 1991 жылы шақырту алған болатынбыз. Бірақ біз ол сынға тәуелсіз ел ретінде бардық. Бізді алғашында «Сіздер Еуропаға жатпайсыздар» деп жібермеуге тырысты. Дегенмен, шақырып қойғандықтан амалсыз рұхсат берді. Жарысқа барар алдында Қазақ КСР спорт комитеті бізді Мәскеудегі жаңадан құрылып жатқан Қазақстан елшілігіне жіберіп, ту алуымызды тапсырды. Ол жерге келсек елшіліктегілер: «Бізге осы жаңа ғана екі ту келді. Біреуін сіздерге береміз, екіншісін елшілік ғимаратының төбесіне ілеміз» деді. Мен команда капитаны ретінде Францияға алып барған тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы мен чемпион атанғанда көкке көтерілді. Біз алып барған туды еліміздің Франциядағы елшісі көріп, таң қалды. Себебі, ол әлі Қазақстанның туын көрмеген екен.
Бізден соң екінші немесе үшінші күні Барселонада Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтіп, менің құрдасым Дәулет Тұрлыханов көк туды көтеріп шықты. Олимп ойындарында тұңғыш рет көтерілген тумен менің құрметіме көтерілген тудың арасында екі-үш күн айырмашылық бар. Бірақ мен «Ең бірінші болып көк туды көкке көтердім» деп жүз пайыз айта алмаймын. Себебі, тап сол сәтте басқа жерлерде, басқа спорт түрлерінен өткен жарыстарда қазақ спортшылары жеңімпаз атанып, туымыз көтерілуі мүмкін ғой».
Әшекең осылай деп сыр шертеді. Бұл жерден ол кісінің көк байрағымызды тұңғыш болып көтере тұра,қарапайымдылық жасағаның көреміз. Десек те, біз үшін ол –тұңғыш болып қалады!

5. Бесінші қыры –ат құлағында ойнай алатындығы. Оған дәлел Франциядан Еуропа чемпионы атанып келген кезде қыркүйек айында Есет батырдың тойы өтіпті. Осы тойда өткен шабандоздар шеруінде Әшекең анау-мынау емес Есет батыр болып шығады. Оның ат үстінде кәнігі шабандоз секілді отырысы талайды таң қалдырғаны шындық. Мүмкін ауылда қой бағып, жылқы мініп өскен қазақ баласының ат құлағында ойнауы заңдылық та шығар?!

6. Алтыншы қыры — Әшекеңе дейін де, кейін де облысымыздан каратэ спортынан ұлттық құрама тізгінің ұстаған бапкер болған жоқ. Тек қана каратэ емес өзге спорт түрлерінен де облысымыздан ұлттық құраманың тұңғыш бас бапкері болған да біздің Әшім ағамыз десек ақиқаттан алыс кете қоймаспыз.

7. Әшім ағамыздың «Лезгин» биін билеудің хас шебері екендігін көбіміз біле бермейміз. Мектеп қабырғасында жүргенде ауылға келген каптықтардан осы биді алғаш көріп қатты қызыққан Әшекең Қазбек Ачмиз есімді лезгиннен осы биді үйіне іздеп барып үйреніпті. Кейін оның биге икемі бар екенің байқаған Галина Валентиновна деген ұстазы төрт қыз бен төрт жігіттен тұратын бишілер тобын құрады. Осы топ мектеп оқушылары бола тұра аудандық көркемөнерпаздар байқауында екі рет жеңімпаз атанады. Тіпті облыс сахнасына да осы бимен шығып мамандар көзіне түсіпті.

8. Әшім Шәріпұлының жора-жолдастары арасында өзіне ғана тән қоңыр дауысымен ән айтатын қыры бар екенің ол кісімен жақын араласатындар жақсы біледі. Ауыл молдасының ән айтуға, арақ-шарап ішуге қатаң тиым салған отбасында тәрбиеленген ол ән айтуға тек соңғы жылдары дең қоя бастапты. Кей кездері тіпті өзі де ән жазып тастайды екен. Алайда, арнайы жинамағандықтан ұмытылып кетеді дейді. Орта мектепті орысша тәмәмдаған Әшекең 1988 жылдары институт қабырғасында жүрген кезде ғана қазақ әндеріне мән берген көрінеді. Сол кезден бастап қазақ тілін өз бетінше меңгеруге кіріскен ағамыз бұл күні ана тілін бір кісідей біледі. Өзге орысша шүлдірлейтін шала қазақтарға өмір бойы орысша оқыған Әшім Шәріпұлының тіл сындырудағы табандылығы керек-ақ.

9. Әшім ағамыздың келесі қыры — тағы да өнерге байланысты. Ағамыз бесінші класстан бастап әскерге кеткенше ауылдағы вокалды-инструменталды ансамбльде дауылпазшы болыпты. Дауылпазшы болғанда өте кәсіби түрде ойнаған көрінеді. Оған дәлел ауылдағы үш ансамбльдің барлығында бір ғана өзі ойнапты. Соңғы жылдары екі-үш шумақ суырып салатын ақындығы мен домбыра шертуді де қолға алып жүргенің де айта кетсек артық болмас.

10. Әшім Шәріпұлы нағыз ер-жігітке тән аңшылық пен балықшылықтан да құр емес. Соңғы кездері аң аулауға сирек шығатын ағамыз онысын өзінің аң-құстардың азайып бара жатуымен байланыстырады. «Адамға қанағат керек» деген аға сөзіне қосып-аларымыз жоқ.

11. Әшім Шәріпұлы үлгілі отағасы ретінде де өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Жеңгеміз Гүлсара екеуі бір ауылда дүниеге келіп, бір бала-бақшада тәрбиеленіп, бір мектепте білім алады. Өмір бойы жұптары жазылмай бірге келе жатқан жарасымды жұп бұл күнде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Әке жолын ұлы Тахир жалғастырып каратэден біраз жетістікке жетті. Бір қызығы Тахир спорттағы алғашқы жолын футболдан бастапты. 2000 жылы АҚШ-та әлем чемпиондары арасында әлем чемпионаты өтіп Әшім Шәріпұлы ол жарысқа ұлын бірге алып барады. Ол жақта кішкентай балаларға да қатысуға болады екен. Тахир еш дайындықсыз сол сынға қатысып қола жүлдеге ие болады. Себебі көзін ашқалы әкесінің қасында келе жатқандықтан спорттың бұл түрі оған таңсық емес болатын.

Содан бастап каратэге мықтап дең қойған Тахир көптеген халықаралық турнирлерде топ жарып, екі мәрте Қазақстан чемпионы және спорт шебері атанды. Бұл күнде Әшім ағамыз бен Гүлсара жеңгемізге немере сүйдіріп отыр.
Ал, енді Әшім ағамыздың екі қызы да спорт жолын таңдаған жоқ. Тұңғышы Дина биге қатысса, кенжелері Мәдина да бұл күні апасының жолын жалғастыруда.
Ағамыз спорттағы барлық жетістіктеріне 1986 жылы отбасын құрғанңан соң жетіпті. Сол үшін де Гүлсарадай жанмен тағдыр қосқаны үшін Жаратушыға мың да бір шүкіршілік етуден таңған емес.

12. Әшім Шәріпұлының он екінші қыры – бапкерлік десек барлығы да келісер деген ойдамыз. Бапкер болғанда ол кісі көптеген талантты спортшылардың томағасын сыпырған білікті бапкер. Жоғарыда облысымыздан шыққан тұңғыш ұлттық құраманың бас бапкері деп бұл жөнінде ерекше атап өткен болатынбыз. Енді ағамыздың үлкен биіктерді бағындырған шәкірттеріне тоқтала кетейік. Олар: Серік Бимурзин (ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 1994 жылғы әлем чемпионы), Абылай Құрмантаев (КСРО чемпионаттарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері), Айбек Шоқпытов (КСРО чемпионатының жүлдегері), Батырхан Байдосов (КСРО чемпионатының жүлдегері), Азамат Ізімбетов (1992-1996 жылдардағы Қазақстан чемпионы), Нұрлан Сарыпбеков (Азия чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері), Тимур Шатаев (Әлем кубогының иегері), Орынбай Майкеев (Әлем кубогының жүлдегері, 1995-1997 жылдардағы Қазақстан чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері), Ринат Сағандықов (Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, кадеттер арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері).

Сондай-ақ Әшім ағамыз көптеген Қазақстан Республикасы чемпиондарын тәрбиелеп шығарды. Олар: Всеволод Щегельский, Андрей Ткачев, Аманкелді Тышқанбаев, Сұңқар Ыбыраев, Влад Войтаник, Қайрат Малчаев, Серік Сарыпбеков, Айдар Егімбаев, Ерікбек Иманғазин, Еріген Истаев, Олег Аврамкин, Аман Бисекенов, Аманбек Алтаев, Марат Мурзиев, Жанар Боранбаева, Эльмира Саргожинова, Юлия Смагина, Сергей Феоктистов, Әсет Төребаев, Әнуар Бармақбаев және басқалары.

13. Әшім ағамыз 2014 жылы джиу-джитсудан шебер ардагерлер арасында әлем чемпионы атанды. Естеріңізде болса қазақ күресінің атасы Қажымұқан кезінде Токиода жапонның атақты Саракики деген палуаның осы джиу-джитсу спорты бойынша жеңген болатын. Ол кезде даңқты бабамыз жер ортасына келіп қалған болса, Әшім ағамыз да ардагерлер арасында белдесіп атақты Қажымұқанның ерлігін қайталады деп толық айта аламыз. Бұл оның 13-ші қыры деп бағалап қойыңыздар. Соынмен қатар Әшім ағамыздың ардагерлер арасында панкратион күресінен Азия чемпионы деген атағы тағы бар.

Бұл қысқа мақалада біз ағамыздың қырларын аша алдық па, жоқ па ол жағын құрметті оқырман өздеріңіз бағалай жатарсыз. Біздің айтқымыз келгені осындай спорттың талай биіктерін бағындырған абзал азаматтың қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі өзгелерге үлгі болса екен деген ізгі ниет.

Спортқа жан-тәнімен берілген Әшім Қали ағамыздың атындағы каратэден халықаралық турнир 15 жыл бойына Ақтөбе қаласында дүркіреп өтіп келеді. Ол турнирдің көптеген талантты спортшылардың бағын ашып, үлкен спортқа жолдама беріп келе жатқандығы өз алдыңа бөлек әңгіменің тақырыбы.

Халқымызда Әшім Шәріпұлы секілді азаматтарды сегіз қырлы, бір сырлы, жігіттің нағыз төресі деп жатады. Біз осы сөзге толықтай қосыламыз.

Мусағали Тасқалиев
«Спорт жұлдыздары»

Сондай-ақ

ЖАС МУАЙ-ТАЙШЫЛАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН 12 МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕДІ

3-11 тамыз аралығында Тайланд елінде жасөспірімдер арасындағы Муай-тай спортынан әлем чемпионаты өтті. Сайысқа 79 елден …