Жуырда ғана өткен Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жартылай финалдық бәсекесінде ең керемет өнер көрсеткен былғары қолғап шебері атағы «Астана арландары» сапындағы 19 жастағы Әбілхан Аманқұлға бұйырды.
Былтыр Павлодарда өткен ел біріншілігінде атақты бапкер Нұрлан Ақүрпектовтың шәкірті 75 келі салмақ дәрежесінде топ жарып барша жанкүйерлердің назарын өзіне аударған болатын. Осы жарыстан кейін-ақ Тараздың тастүлегі Қазақстан ұлттық құрама командасына қабылданды. Бірқатар халықаралық турнирлерден олжалы оралған Әбілхан Аманқұлдың өнері көпшіліктің көңілінен шығып, майталман мамандардың өздері бұл жігіт жайында жылы лебіздерін білдерді. Биыл Ташкентте жалауы желбіреген Азия чемпионатында жас дарын қола медальді мойнында жарқыратты. WSB додасында «Астана арландары» сапында екі кездесу өткізіп, ол бәсекелерде қандасымыздың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Нәтижесінде, Дүниежүзілік бокс сериясының твиттер-аккаунтында 65 пайыз дауыс жиған Әбілхан бауырымыз жартылай финалда жұдырықтасқан ең үздік боксшы атағын жеңіп алды.
Cuba Domadores клубының өкілі Хулио Сезар Де Ла Крус екінші орынды иеленді. Рио Олимпиадасының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Панамерика ойындарының жеңімпазы деген дардай атағы бар даңқты Куба боксшысына сауалнамаға қатысушылардың 26 пайызы өз дауыстарын берді. Үшінші орында – Леонель Де Лос Сантос Нуньес. Colombian Heroicos сапында өнер көрсетіп жүрген ол 9 пайыздық межеге келіп тоқтады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, Айқын газеті.