Құрлықтық хоккей лигасы 2017-2018 жылғы маусымға арналған ойындар кестесін жариялады. Сондай-ақ, елордалық «Барыс» клубының да кестесі нақтыланды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» хабарлады.
Чемпионат шымылдығы 21 тамызда Гагарин кубогының иегері СКА мен біріншілік жеңімпазы ЦСКА арасындағы кездесумен ашылады. Жаңа кестеге сәйкес, біріншіліктің алғашқы бөлігі 2018 жылдың 1 наурызында аяқталады. Ал екінші кезең 3 наурыздан басталады деп жоспарланып отыр. ҚХЛ-ға қатысатын әр команда өзара 56 матч өткізеді. Биылғы кестенің ерекшелігі, хоккейсіз өтетін күндердің саны барынша азайтылған.
«Биылғы маусым тартысқа толы болайын деп тұр. Сондай-ақ, биыл бірнеше халықаралық үлкен турнирлер болады. Соған байланысты өте тиімді кесте құрастырылды. ҚХЛ-дың оныншы маусымы қызықты өтетініне сенімдімін», ‒ дейді ҚХЛ-дың вице-президенті Георгий Кобылянский.
«Барыс» жаңа маусымның алғашқы ойындарын өз айдынында өткізеді. Әуелі елордалықтар 24 тамызда «Спартак» клубымен күш сынасса, екінші ойында 26 тамызда ригалық «Динамомен» шеберлік байқасады. 28 тамызда Астанаға қонаққа «Северсталь» келеді. «Барыс» үйдегі соңғы ойынында 30 тамыз күні «Торпедоға» қарсы айдынға шығады.
prosports.kz/kz