Қазақстандық жас боксшы Бобыржан Момынов кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 19 қараша күні өткізеді.
Бобыржан Момынов қазіргі күні АҚШ-тағы Флорида штаты, Орландо қаласында дайындық жұмыстарын жасауда. Қазақстандық боксшы менеджерімен бірге алғашқы кездесулерін өткізіп, үлкен проумотерлік компаниялармен келісім шарт жасасу үшін өз-өзін көрсетуі тиіс. Отандасымыздың алғашқы кездесуі қыркүйек айына жоспарланғанымен, қарсыласы шаршы алаңға шығудан бас тартқаны белгілі. Ендігі жаңа қарсыласы Америкалық Уиль Уильямс атанбақ.
Кездесу төрт раундқа жоспарланған. Америка еліндегі Хайнес қаласында, Lake Eva Banquet Hall кешенінде өтеді, — бұл туралы dodasport.kz сайты хабарлайды.
Уиль Уильямс кәсіпқой бокста екі кездесу өткізіп үлгерген.
— «Кездесуге тыңғылықты дайындық үстіндемін. Қазан айында шығуға тиіс болған кездесуім өтпей қалды. Қарсыласым менің әуесқойда жеткен жеңістерімджі көріп бас тартыпты. Салмақ өлшеу рәсіміне келмей қойды. Енді бәрі оңымен болса 19 қараша күні Уильямспен кездесуге шығамын. Оның жақсы боксшы екенін естігем. Жеңіске жету үшін барлығын жасауға тырысамын», — деді Бобыржан Момынов dodasport.kz сайтына берген сұқпатында.