Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов 10 маусым күні Алматы Орталық стадионында өтетін футболдан 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы маңызды кездесуге жанкүйерлерді шақырды.
«Құрметті футбол жанашырлары! Біздің футболшылар іріктеу кезеңінде өз алаңында Румыния және Польша құрамаларын қабылдап, лайықты қарсылық көрсетті. Қазақстанға келген кез келген еуропалық қарсылас біздің құрамадан қаймығатыны анық. Өйткені, Қазақстан құрамасында ауа-райының ыстығы мен суығына қарамастан, үнемі қолдау көрсететін нағыз жанкүйерлері бар!
Қазақстан құрамасының соңғы жылдары шеберлігі артқаны айқын. Ұлттық құраманың ойыншылары бұл жетістікке халықаралық матчтарға жиі қатысу арқылы қол жеткізді. Футбол жанашырлары Қазақстандағы клубтық футболдың да дамып келе жатқанын біледі. «Астана», «Қайрат» және еліміздің басқа клубтары еурокубокта ел қоржынына қажет ұпайды жинап жүр. Қазақстандық футболшылар өз клубтарында мықты шетелдік ойыншылармен бірге ойнау арқылы шеберліктерін жоғарылатты. Футболшылар үшін ұлттық құраманың орны бөлек. Олардың әрқайсысы 10 маусым күні Даниямен өтетін ойында соңғы сәтке дейін тартысу үшін алаңға шығады.
Дания құрамасын барша әлем біледі. Оның құрамында Кристиан Эриксен, Каспер Шмейхель, Симон Кьяер, Каспер Дольберг, Риза Дурмиси және басқа да ойыншылар бар. Алайда, біз — өз жерімізде ойнаймыз!
Барлық жанкүйерлерді Алматы қаласының Орталық стадионында 10 маусым күні 22:00-де басталатын Қазақстан мен Дания құрамаларының арасындағы ойынға шақырамын. Біздің құрамаға қолдау көрсетіңіздер!»
Еске сала кетейік, билеттерді www.ticketon.kz, www.zakazbiletov.kz, www.kff.kz сайттарында және Алматы қаласының Орталық стадионының кассасынан алуға болады.