Басты бет / Басқа түрлер / ҰЛЫМА АЯҒЫМДЫ ҚОЛТЫРАУЫН ЖЕП ҚОЙДЫ ДЕЙТІНМІН

ҰЛЫМА АЯҒЫМДЫ ҚОЛТЫРАУЫН ЖЕП ҚОЙДЫ ДЕЙТІНМІН

Балықшыдағы дене-шынықтыру кешеніне Берік ІЗМАҒАНБЕТОВПЕН бірнеше жылдан кейін сөйлесу үшін келдім. Ол – отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасының капитаны және менің ескі танысым.

«ӘЙЕЛІМНІҢ АҚЫЛДЫЛЫҒЫ МЕН ШЫДАМДЫЛЫҒЫНА РИЗАМЫН»

Берік екеуміз Атыраудағы ұлттық гимназияда бірге оқыдық, ол менен бір сынып төмен оқыды. Бір жатақханада тұрдық. Мектеп бітірген соң байланыс ажырап қалатыны бар емес пе. Бірнеше жылдан кейін әлеуметтік желіден Берік Ізмағанбетов есімді адамның аккаунтын көріп, түсінбей қалдым. Кәдімгі мен білетін Берік пе деп фотоларын да ақтарып шықтым. Иә, сол Берік екен. Бір аяғынан айрылған.

Не болғанын айтып бересің бе…

— 2011 жылы Қарабатанда инженер болып еңбек етіп жүргенде өндірістік жарақат алып, аяғымнан айрылдым.

Қалайша?

— Егжей-тегжейін айтпай-ақ қояйыншы. Аяғыма операция жасату үшін Алматыға бардым. Бірінші операциядан соң аяғым бар еді, бірақ, гангрена жайлап, ақырында сол аяғымды тізеден жоғары кесуге тура келді. Бұл 2011 жылдың 9 наурызы еді. Сөйтіп, Алматыдан әйелім мен бір жасар балама бір аяқпен оралдым. Шынын айтқанда, мен де қатты күйзелдім, қорықтым, тіпті, ұялдым. «Жұбайым мені менсінбей, отбасым бұзылып кете ме?» деген сұрақтар мазалады. Бірақ, менің қорқынышым сейілді. Жолдасым Айгүлдің ақылдылығы мен шыдамдылығына әлі күнге ризамын. Шүкір, аяғымнан айрылғаннан кейін Алла маған тағы екі қыз сыйлады. Қазір үш баланың әкесімін.

Ал ұлыңа қалай түсіндірдің? 

— Ол кезде ұлым бір жаста болатын, әлі кішкентай еді. Өсе келе «папа, аяғыңа не болды? Екінші аяғың қайда?» деген сұрақтар қойып жүрді. Кішкентай балаға қалайша түсіндіресің, «аяғымды қолтырауын жеп қойды» дейтінмін. Ол қасындағы балаларға «папамның аяғын қолтырауын жеп қойды» деп айтатын көрінеді (күледі). Кейде үйде жүргенде протезді шешіп қоямын ғой, ондай кездері бір аяқтап секіріп баратын жеріме барам, алғым келген нәрсені аламын. Сол кездері ол да бір аяғын көтеріп, мен сияқты секіріп жүреді артымнан. Қызық көреді.

СПОРТ ОҒАН НЕ БЕРДІ?

— Алматыда жүргенде ауылдасым, параволейболшы Расул мені ойынға шақырды, сол кезде олар жарысқа келген екен. Өзімнің мектеп кезінен спортқа қызығушылығым бар еді.Олар сияқты қайсар жігіттерді көрген соң құлшыныс, жігер пайда болды. Осы спортқа келемін деп шештім, — дейді Берік.

Айта кетейік, Беріктің командасы отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасы болып саналады және құрама қатарындағы жігіттердің барлығы дерлік біздің жерлестер. Жігіттер бірнеше жылдан бері ірі халықаралық турнирлерге қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Қазір олар осы жылдың маусым айында Қытайда өтетін Азия және Мұхит елдері арасындағы іріктеу ойындарына дайындалу үстінде. Мақсат – 2020 жылы Жапонияда өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алу.

— Әлем рейтингінде біздің команда 10-орында тұр. Бірақ, жоғары көтерілуге күшіміз жететініне сенімдіміз. Біз үзбей жаттығамыз, аптасына бес күн бойы таңертеңнен түске дейін міндетті түрде осында жаттығуға келеміз, — дейді Берік.
Өміріндегі қиындықтарға қарамастан ол бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. Өзі әзілдеп айтқандай:

— Команда құрамында көптеген елдерге бардым, әлемді көрдім — екі аяқпен баспаған жерлерге бір аяқпен бардым.
Аяғы жоқ адамдардың мәселесі — протездер туралы да сөз болды. Беріктің айтуынша, Атырауда протез жасайтын, жөндейтін орталық жоқ екен:

— Бір бұрамасы сынып кетсе де, аяғыңа батып тұрса да Алматыға баруға тура келеді. Протезді үш жыл сайын ауыстырып отырамыз, бірақ, арасында жөндеу қажет етеді.Сол үшін алысқа бармасақ, жақсы болар еді. Және бір көңілден шықпайтыны – ғимараттардағы пандустар. Өзім арбада отырмағанмен, ғимараттарға, сауда орталықтарына кіруі қиын адамдар үшін жаным ашиды. Атырауда пандустар не жоқ, не талаптарға сай емес.

ҚАТАРҒА ҚОСЫЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ? ҚОШ КЕЛДІҢ!

Физикалық кемістігі бар жігіттердің осыншама құштарлықпен жаттығып жатқандарын көрген мені біртүрлі сезім биледі. Себебі, қазір аяқ-қолы сау, дене мүшесі түгел кейбір адамдардың жұмыс таппай сенделіп, ішкілікке салынып, иә болмаса, тура жолдан тайып, адасып жүргенін көріп, жаның күйзеледі. Ал бұл залда бәрі керісінше. Мен өзімді бұл жерде артық көрдім.

— Еліміздің спорттағы абыройын асқақтатуға бар күшімді жұмсаймын. Ол анық. Ал, болашақтағы мақсатым – шәкірт тәрбиелеу, спортқа баулу. Біз жете алмаған жетістіктерге жететіндей буын тәрбиелеу. Өзімнің де ұлымды спортқа бейімдеймін. Менде бәрі жақсы, — дейді сеніммен Берік.

…Бір сәт мен олардың дайындығын бақылап отырдым. Командалық рух мықты, бір-бірін тез түсінеді, әзілдесіп те қояды. Осы кезде команда жаттықтырушысы Бауыржан ТАХАУОВ бір жігітті алып келді.

— Жаңадан ниет білдіріп келген жігіт. Жол-көлік апатынан аяғына зақым келген, дегенмен, бұл жігіт жарады. Волейбол ойнағысы келеді. Егер қаласа, спортқа қызығушылығы болса, біз ондай жандарды қабылдауға дайынбыз, — деді жаттықтырушы менің қызығушылығымды байқап.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор. Ақпарат: «Ақ Жайық» газеті

Сондай-ақ

АУЛА КОМАНДАЛАРЫ АРАСЫНДА КЕЗЕКТІ ФУТБОЛ ЛИГАСЫ ӨТЕДІ

6-ші тамыз күні, «Спорттық Алматы» жобасы аясында  футболдан аула командалары арасында жарыс өтеді. Жарысқа сегіз …