
Қазақстандық дзюдошы Дидар Хамзаға бүгін ғана халықаралық дзюдо федерациясынан жағымды жаңалық келді. Ол 11 күннен кейін өтетін жазғы олимпиада ойындарына қатысатын болды.
Жалпы дзюдо спорты бойынша олимпиадалық іріктеу үш кезеңнен тұрады. Барлық жолдамалар әр салмақ бойынша әлемдік рейтингке байланысты үйлестіріледі. Бірінші кезеңде әр салмақтың көшбасшы 22 ер мен 14 әйел спортшысы жолдамаға ие болады. Келесі кезеңде құрлық бойынша ұпайлар саналып, белгілі бір спортшылар ғана жолдама еншілейді. Ең соңғы кезеңде Халықаралық дзюдо федерациясының шешімімен квоталар таратылады
Дидар Хамзаның Олимпиада жолдамасын иеленуі тосын сый емес. Рейтингте жоғары тұрған спортшылардың бірінен допинг табылып, 19 жасар Дидарға Рио ойындарына бару мүмкіндігі туды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасында 5 дзюдошы жолдама алған болатын: Елдос Сметов (60 кг), Жансай Смағұлов (66 кг), Максим Раков (100 кг), Галбадрах Отгонцецег (48 кг), Мариан Урдабаева (63 кг).