4-6 қараша аралығында Канаданың Калгари қаласыннда шорт-тректен әлем кубогының бірінші кезеңі өтеді, — деп хабарлайды dodasport.kz сайты.
Әлем кубогының алғашқы кезеңіне Қазақстан құрамасы тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізді. Бас бапкер Мадығали Қарсыбеков Әбдіғалиұлының айтуы бойынша спортшыларымыз осы маусымда жақсы нәтиже көрсетеді:
«Сочидегі Олимпиададан кейін біздің ерлер тобы Нидерландының коньки тебу спорты федерациясымен бірлесіп дайындалу бойынша келісім жасады. Біздің ерлер тобы осымен екінші маусым голландиялық топпен дайындық өткізуде. Ортақ жұмыстың нәтижесі бар – біздікілер барынша сенімді бола бастады. Өткен маусымда біздің эстафеталық топ Ресей командасын, олимпиада чемпиондарын екі рет жеңді. Сонымен қатар біздікілер Қытай командасы мен корейліктерді де таза жеңіспен жеңді. Қазіргі кезде қазақстандық командадан бәрі қорқақтайды, өйткені соңғы екі маусымда біздікілер биікке көтерілді. Канада елінде де жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Спортшыларымыздың дайындығы өте жақсы», — деді бас бапкер.
Айта кетейік бас бапкермен бірге жастар құрамасының бас бапкері Аслан Даумов та Калгари қаласында спортшыларымызды жаттықтырып жүр. Оның айтуы бойынша Калгаридағы мұз айдыны әлемдегі ең жылдам айдын. Бар мүмкіндікті көрсетуге болады.
Әлем кубогының бірінші кезеңінде ел намысын қорғайтын спортшылар: Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Мерсаид Жақсыбаев, Дениз Никиша, Еркебұлан Шамуханов және Ким Йонг А.