Басты бет / Кәсіпқой бокс / ЖӘНІБЕК ӘЛІМХАНҰЛЫ: КӘСІПҚОЙ БОКСҚА БІРЖОЛА АУЫСПАЙМЫН

ЖӘНІБЕК ӘЛІМХАНҰЛЫ: КӘСІПҚОЙ БОКСҚА БІРЖОЛА АУЫСПАЙМЫН

Астанада өтетін Қанат Ислам айқасының андеркартында Рио-де Жанейро олимпиадасына қатысушы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да шаршы алаңға шығады.

Бүгін боксшының өзіне арнайы қоңырау шалып, жарысқа дайындығы жайында қысқаша сұхбат алған едік.

— Жәнібек, көптен бері шаршы алаңнан көрінбей кеттіңіз…
— Иә, Рио Олимпиадасынан кейін қысқа уақыт демалдық. Одан кейін ел біріншілігі өтті. Онда жаңа салмақта сынға түсіп ел чемпионы атандым. Одан кейін 29 қазан күні Алматыда Қанат Ислам мен ганалық боксшы Патрик Аллотейдың жекпе-жегі аясында алғашқы кәсіпқой рингтегі сайысымды өткіздім. Одан кейін денсаулығыма байланысты ем-дом қабылдап, демалыс алдым.

— 9 қыркүйек күні тағы да Қанат Исламның айқасының андеркартында өнер көрсетеді деп естіп жатырмыз…

— Алла қаласа, сол күні екінші рет кәсіпқой бокстағы айқасымды өткізсем деп жоспарлап жүрмін.

— Қарсыласыңыз кім болады?

— Әзірге әлі белгісіз. Кіммен, қай елдің боксшысымен жұдырықтасатыным жақын күндері белгілі болмақ.

— Белгісіз қарсыласқа дайындығыңыз қалай?

— Өте жақсы дайындықтамын. Кіммен болса да шығуға әзірмін. Қазір Алматыда Алатау бөктеріндегі бокс базасында жаттығып жатырмын.

— Сонда біржола кәсіпқой боксқа ауысып жатырсыз ба?

— Жоқ, біржола кетіп жатқан жоқпын. Әлі ұлттық құрама сапындамын. Әуесқойда жүріп, кәсіпқой бокс арқылы тәжірибе жинауға болады ғой. Бұл мен үшін алдағы үлкен сындарға сабақ алатын мүмкіндік. Сонымен қатар, ЭКСПО аясында өтетін үлкен додада өнер көрсету үлкен мәртебе. Біз осы арқылы қазақ жігіттерінің қандай екенін әлемге паш етеміз.

— Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік жолдас болсын!

Сондай-ақ

ИСА АҚБЕРБАЕВ ТАМЫЗ АЙЫНДА РИНГКЕ ОРАЛАДЫ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Иса Ақбербаев өзінің жиырмасыншы жекпе-жегін тамыз айының төртінші жұлдызында Ресейдің Сочи қаласында …