Басты бет / Бокс / БАТЫР ЖҮКЕМБАЕВ — ЖИРОВ МЕНІ ЖЕҢІСКЕ ЖІГЕРЛЕНДІРДІ

БАТЫР ЖҮКЕМБАЕВ — ЖИРОВ МЕНІ ЖЕҢІСКЕ ЖІГЕРЛЕНДІРДІ

 

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақ бокс­шысы Батыр Жүкембаевтың аяқ алысын азуын айға білеген мамандар жоғары бағалап жүр. Таяуда былғары қолғап шебері өзінің спорттық мансабындағы алғашқы ірі табысына қол жеткізді. Ол Канаданың Монреал қаласында өткен бокс кешінде мексикалық қарсыласы Косме Ривераны (37-19-3, 25 КО) нокаутпен ұтты. Сөйтіп, тоғызыншы жекпе-жегінде жеңіске жеткен Батыр Жүкембаев IBO International орта салмақ дәрежесінде IBO International чемпиондық белбеуінің иегері атанды. Бұрнағы күні су жаңа чемпионды әлеуметтік желі арқылы құттықтап, ойда жүрген бірқатар сұраққа жауап та алдық.
– Батыр, жеңіс құтты болсын! IBO International чемпиондық белбеуіне жет­кізген жолдың бұра­лаңы мол болған шығар?

– Әрине. Кәсіпқой ринг­ке шыққаннан кейін қиындықтың бәріне шы­дауға тура келеді. Негізі, әр жеңістен кейін жаңа биіктерді бағындыруға ұмтыласың. Біз өзіміздің басты мақсатымызға – әлем чемпионы атағын жеңіп алуға бет түзеген адамдармыз. Бұл жеңіс – арманға апарар жолдағы алғашқы қадам.

– Косме Риверамен жекпе-жекке шы­ғар алдында саған жерлесіміз, әйгілі бокс­­шы Василий Жиров ақыл-кеңес беріпті деп естідік…

– Рингке шығар алдында Василий жаныма келіп, қамқор пейілмен біраз ақылын айтты. Әрине, көп сөйлесуге уақыт тар еді. Бірақ, қысқа ғана тілдескеннің өзінде ол мені жеңіске жігерлендіріп, мықты қолдау көрсетті. Ва­силий ағамыз маған былай деді: «Батыр, бокс деген төбелес емес. Шаршы алаңға шықтың ба, бокстас, бар өнеріңді көрсет».

– Сарапшы мамандар сенің бокс мәне­ріңді Геннадий Головкинге ұқсата­ды. Осындай салыс­тыруларға деген көзқа­расың қандай?

– Менің ойымша, біздің мәнер ұқсас емес. Әркімнің өзіндік қолтаңбасы бар деп есептеймін. Әрине, заманымыздың үздік боксшыларының бірімен салыстырғандарына ерекше қуаныштымын. Негізі, небір жампоз боксшыларға қарап бой түзейміз ғой. Дегенмен, өз жолыңды, өзіндік мәнерді тапқанға не жетсін?! Дәл қазіргі уақытта мен ізденіс үстінде жүрген боксшымын.

– Канада елінде жүргеніңе он айдың жүзі болып қалыпты. Бұл елде өзіңді та­ны­­­малмын деп санай­сың ба? Елді де сағын­ған шығарсың?

– Әрине, елді сағынасың! Үйге қайтар мезгілді тосып, тыпыршып жүрген жайым бар. Қымыз ішіп, ет жеп, демалғанға не жетсін?! Канадада танымалмын деп айта алмаймын. Маған әлі көп еңбектену керек.

– Болашақта орта салмақтағы қандай мық­ты­мен жекпе-жекке шыққың келеді?

– Шынын айтсам, қазір оны айта алмаймын. Әрине, біздің дивизиондағы ең үздік, даңқты деген боксшының кез келгенімен шыққым келеді. Бірақ, әзірге ешкімнің атын атап, түсін түстегім келмейді. Кезі келгенде көре жатармыз. Әліптің артын бағу керек…

– Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін кәсіпқой бокс кешіне қаты­суың мүмкін бе? – Егер ұйымдастырушылар біздің промоутерлер мен менеджерлерге хабарласып, шақырар болса, онда біз өз елімізде қуана өнер көрсетер едік.

– Әңгімеңе рахмет. Арманыңа жет!

Әңгімелескен Қайрат Әбілдинов

Сондай-ақ

ӘШКЕЕВТІҢ СОҚҚЫЛАРЫ ӘЛЕМДІК БАСЫЛЫМ БЕТТЕРІНДЕ

  Танымал «KO Fantasy Boxing» порталының твиттер желісі Қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеевтің жекпе-жегіне баға берді. …