Шілде айының 27-і мен тамыз айының 1-і күндері спорттық бағдарлаудан Азия чемпионаты өтті.
5-ші рет өткен жарыста Азия құрлығының мықты деген спортшылары келді. Тайвань еліндегі додада Қазақстан құрамасы 8 алтын, 1 күміс және 6 қола медаль еншіледі.
Алғашқы күні спринттік сайыста Молдашева Эльмира (21 жас) мен Шекербаева Айнұр (16 жас) қола медаль еншілесе, 65 жастағы Телинов Владимир чемпион атанды.
Екінші күнгі орта қашықтықтағы сайыста жерлестеріміз төрт алтын медаль жеңіп алды: Молдашева Эльмира (21 жас) , Шекербаева Айнұр (16 жас), Телинов Владимир (65 жас) және Корнилова Галина (50 жас).
Жарыстың үшінші күні қоржынға 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль түсті. Нұрманова Гюзель (20 жас), Телнов Владимир (65 жас) және Корнилова Галина (50 жас) өздерінің Азия құрлығында теңдессіз екенін дәлелдеп, алтын медальді жеңіп алды. Шекербаева Айнұр күміс жүлдегер. Жұптық эстафетада Лукашевич Виталий мен Молдашева Эльмира күміс жүлдегер атанды.
Жарыстың соңғы алыс қашықтықтағы сайыстарында Қазақстан құрамасы эстафеталық сында қола медаль еншіледі. Телнов Владимир (65 жас) жекелей сында чемпион атанды. Одан бөлек Дмитрий Адамович пен Корнилова Галина кезекті рет қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Спорттық бағдарлау — бұл қызықты да тартымды, белсенді демалыстың тамаша бір бұқаралық түрі. Бұл спорт түрімен әр – түрлі спорттық біліктілігі бар және дене дайындығы арқалай жас ерекшеліктері бойынша үлкені де, кішісі де айналыса алады. Спорттық бағдарлау барысында дене бұлшық еттерінің қозғалысы ғана емес, ойлау қабілетін де қажет етеді. Сондықтан да бұл спорт адамды күнделікті күйбең тірліктен арылтып, нағыз көңіл – күй сыйлайды.
Спорттық бағдарлау жарыстары – бұл спортшылар картаның көмегімен және компасты пайдалану арқылы жергілікті жерде орналасқан бақылау пунктін өтуді талап ететін спорт түрі. Нәтижесі әдетте, қашықтықты өту уақыты (белгілі бір жағдайларда айып уақытын ескере отырып) немесе жинаған ұпай бойынша есептеледі.
Спорттық бағдарлау бойынша сайыстар жас ерекшелігіне немесе қатысушылардың шеберлік деңгейіне байланысты әр түрлі топта өткізіледі. Қашықтық қиындығы мен оның ұзақтығы спортшының дайындығы мен бағдарлау шеберлігін талап ететін жолды тиімді өтуге байланысты принціптер бойынша анықталады.
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт