Алматыда «Асыл мұра» бағдарламасы аясында мешітке келуші жамағаттар арасында футбол лигасы жалғасуда, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.
ҚазСТА стадионында өткен іріктеуде қаланың Орталық және Райымбек мешіттерінің өкілдері кездесті (Медеу ауданы).
Қызыққа толы болған ойындардың нәтижесінде 6 команда ішінде жүлдегерлер қатарынан «Халид Абдуллах», «Медеу» және «Х-Арт» (Раймыбек мешіті) клубтары көрінді. Ал, артынша топтық жүйе бойынша Орталық мешіттерінің қатысушылары 16 команда шығарды. Нәтижесінде «Бірлік», «Алғабас» және «Арман» ұжымдары үш орынды бөліп алды. Барлық жүлдегерлер медаль және дипломдармен марапатталды, ал, бірінші орын алған командалар келесі кезеңге жолдама алды. Енді олар өз мешіттерінің намысын аудандық кезеңде қорғайтын болады.
— Біз «Раймыбек» мешітінің жамағаты бүгінгі ойындарға ризамыз. Аптасына екі рет жаттығу өткізіп тұрамыз, сондықтан бірінші орын алу аса қиындық тудырмады. Енді ары қарай жеңуге тырысамыз, — деп өз ойымен «Халид Абдуллах» ойыншысы Нұркен Байшалов бөлісті.
Қазіргі таңда қаладағы барлық 49 мешіттің 45-і өз ойындарын өткізіп үлгерген. Аудандық кезеңді ұтқан командалар қалалық, финалдық айналымға өтіп, 1 миллион теңгені сарапқа салады.
«Асыл мұра» бағдарламасы Алматыдағы мешітке келуші жамағаттар арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт